Чарло мен Планттың титул жолындағы жоспары: қарсыластары мен көздеген межесі

АҚШ-тан шыққан экс-чемпиондар Калеб Плант пен Джермалл Чарло 31 мамырға белгіленген жекпе-жектерден кейін екінші орта салмақтағы белбеулер үшін күреске қайта араласуды көздеп отыр. Тіпті, олар жылдың екінші жартысында бір-бірімен жұдырықтасуы мүмкін.
32 жастағы Калеб Плант соңғы жекпе-жегін өткен жылдың қыркүйегінде өткізген. Ол 31 мамырда 26 жастағы мексикалық Хосе Армандо Ресендиспен (15 жеңіс, 2 жеңіліс, 11 нокаут) шаршы алаңға шығады.
Біз командамызбен Ресендиске қарсы әсерлі өнер көрсету үшін көп дайындалдық. Бұл – маңызды сәт. Ол барынша дайын келеді, бірақ біз әр деңгейдеміз және мен оған мұны дәлелдеймін. Ол не жоспарласа да, қажет болады, – деді Плант баспасөз мәслихатында.
2021 жылдың қарашасында IBF титулынан айырылғаннан кейін Плант үш қана жекпе-жек өткізді. Соның бірінде Дэвид Бенавидестен ұтылған. Дегенмен ол өзін дивизиондағы мықтылардың бірі ретінде санайды.
Мен өзімді бұл салмақтағы ең үздік боксшы сезінемін. Бұл – менің көзқарасым. 31 мамырда бұған дәлелімді көрсетемін. Кештің қосалқы басты жекпе-жегінде кім жеңсе де, мен онымен кездесуге дайынмын. Көп боксшы қарсыласын менсінбей, алға қарап қателеседі. Мен ондай қателікке жол бермеймін, – деді Плант.
Мексикалық Ресендис 2023 жылы Джарретт Хердті жеңіп, кейін алғашқы жеңілісін тіркеген. Ол биыл ақпанда рингке қайта оралды.
Мұндай мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын. Мен рингте бәрін істей аламын. Жеңіске жету үшін керек нәрсенің бәрі менде бар. 31 мамырда тамаша жекпе-жек өтеді деп уәде берем. Бұл – үлкен сынақ, бірақ мен үшін үлкен мүмкіндік. Жасалған жұмысыма сүйенемін, және сіздер менің үздік өнерімді көресіздер. Отбасым маған сенеді. Мен оларды жерге қаратпаймын, – деді Ресендис.
Орта салмақтағы экс-чемпион, 34 жастағы Джермалл Чарло 2021 жылдан бері тек екі жекпе-жек қана өткізген. Бірақ қазір ол екінші орта салмақта жаңа деңгейге көтерілетініне сенімді.
Мен ұзақ жол жүріп келдім. Енді екінші орта салмаққа көтеріліп, өз сөзімді айтқым келеді. Бұл жекпе-жекте жеңіске жетіп, кейін мүмкін болса, Калеб Плантпен жұдырықтасқым келеді. Болашаққа үлкен жоспарларым бар, – деді Чарло.
Оның Томас Ламаннамен жекпе-жегі 2024 жылдың күзінен бері жоспарланған.
Бұл салмақта мен үшін мүмкін емес ештеңе жоқ. Мен ірі жігіттермен спарринг өткізіп, ауыр салмақпен жұмыс істеп жүрмін. Физикалық күшіме көбірек сенемін. Бұл дивизионда мен мансабымды аяқтаймын деп ойлаймын. Бұрынғыдан да жарқын, қарқынды жұдырықтасатын боламын. Алда – үлкен жекпе-жектер мен ірі қарсыластар, – деп қосты Чарло.
33 жастағы америкалық Томас Ламанна 2021 жылы Эрисланди Ларадан жеңілгеннен кейін қатарынан тоғыз рет жеңіске жетті.
Бұл мүмкіндік үшін алғысымды білдірем. Чарлоны жеңу – өмірімді өзгертіп жібереді. Ол осында болғанына қуаныштымын. 31 мамырда біз нағыз шайқас көрсетеміз. Күштісі жеңсін. Мені не күтіп тұрғанын білемін және барымды саламын. Оның барлық жоспарын бұзамын. Бүкіл әлемді таңғалдыруға ниеттімін. Сол үшін келемін, – деді Ламанна.