Бокстан Олимпиада қорытындысы: Өзбектер бәрінен озды, француздар өз жерінде алтынсыз қалды
Франция астанасы Парижде ұйымдастырылған XXXIII Жазғы Олимпия ойындары мәресіне жетті. Бокс жарысы 27 шілде мен 10 тамыз аралығында өтті. Іріктеу бәсекелерін Вильпенттегі North Paris Arena спорт кешені, жартылай финал мен финалдық айқастарды Ролан Гаррос стадионы қабылдады. Біз Париж Олимпиадасында жалпы саны 13 салмақ дәрежесіндегі (ерлер – 7, әйелдер 6 салмақ) жеңімпаз бен жүлдегерлердің есіміне қанық болдық.
Ерлер мен әйелдер құрамасын қоса есептегенде Олимпиадаға ең көп боксшыны Аустралия (12), Өзбекстан (11), Қазақстан (10), Ирландия (10) және Бразилия (10)құрамалары апарды. Одан кейінгі орындарға АҚШ, Италия, Франция, Таиланд, Қытай құрамалары жайғасты. Бұл елдер жарысқа 8 спортшыдан қосты. Жалпы Олимпия ойындарында 60 елдің 248 боксшысы өнер көрсетіп, жүлделерге таласты.
Олимпиадаға ең көп боксшы алып келген Аустралия құрамасы небәрі екі қола жүлде еншілеп, командалық есепте 17-орыннан көрінсе, 11 боксшымен Парижге барған Өзбекстан құрамасы таза 5 алтын медаль олжалап, жалпы есепте көш бастап қана қоймай, Олимпиаданың рекордын орнатып тастады. Бір елдің бес боксшысы Олимп тұғырына көтерілгені бұрын-соңды Олимпиада тарихында болмаған.
Сондай-ақ бұл Олимпиадада Өзбекстанның екі боксшысы төрт жыл бұрынғы атағын қорғап, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Бірі – 51 кг салмақтағы Хасанбой Дусматов, екіншісі – аса ауыр салмақтағы Баходир Жалолов. 63,5 кг салмақтағы 20 жастағы кубалық боксшы Эрисланди Альварес алғашқы Олимпиадасына қатысып, ә дегеннен чемпион атанды. Ал 80 кг салмақта топ жарған украиналық Александр Хижняк екінші ұмтылысында Олимпиада чемпионы атанып отыр. Ол үш жыл бұрынғы Токио Олимпиадасының финалында жеңіліп, күмісті олжалаған еді.
Жарыс қожайыны Францияның екі боксшысы финалға шығып, екеуі де өз елінде чемпион бола алмады. Ал Қытай құрамасы Олимпиадаға 8 боксшы әкеліп, оның бесеуі жүлдегер атанды. Бір қызығы, барлығы – әйелдер боксының өкілі.
Жалпыкомандалық есеп бойынша, Өзбекстан құрамасы 5 алтынмен топ бастады. Екінші орынға 5 медальмен (3 алтын, 2 күміс) Қытай құрамасы, үшінші орынға 3 жүлдемен (1 алтын, 2 қола) Тайвань боксшылары жайғасты. Куба 1 алтын, 1 қоламен 4-орынға тұрақтады.
Ал Алжир, Ирландия және Украина бір-бір алтынмен 5-ші, Түркия мен Франция 2 күміс, 1 қоламен 8-ші, Қазақстан мен Испания 1 алтын, 1 қоламен 10-шы орындарды бөлісті.
Париж Олимпиадасының жеңімпазы мен жүлдегерлері:
51 кг:
1. Хасанбой Дусматов (Өзбекстан)
2. Биллаль Беннама (Франция)
3. Хуниор Алькантара (Доминикан Республикасы)
3. Даниэл Варела де Пина (Кабо-Верде)
57 кг:
1. Абдумалик Халоков (Өзбекстан)
2. Мунарбек Сейитбек уулу (Қырғызстан)
3. Чарли Сениор (Аустралия)
3. Хавьер Ибаньес (Болгария)
63,5 кг:
1. Эрисланди Альварес (Куба)
2. Софьян Умиа (Франция)
3. Лаша Гурули (Грузия)
3. Уайатт Сэнфорд (Канада)
71 кг
1. Асадхужа Муйдинхужаев (Өзбекстан)
2. Марко Верде (Мексика)
3. Омари Джонс (АҚШ)
3. Льюис Ричардсон (Ұлыбритания)
80 кг:
1. Александр Хижняк (Украина)
2. Нұрбек Оралбай (Қазақстан)
3. Арлен Лопес (Куба)
3. Кристиан Пиналес (Доминикан Республикасы)
92 кг:
1. Лазизбек Мулложонов (Өзбекстан)
2. Лорен Альфонсо (Әзербайжан)
3. Энмануэль Рейес (Испания)
3. Давлат Болтаев (Тәжікстан)
+92 кг
1. Баходир Жалолов (Өзбекстан)
2. Айюб Гадфа (Испания)
3. Нельви Тиафак (Германия)
3. Джамили-Дини Абуду (Франция)