Бокстан әлем чемпионаты: Қазақстан қоржынына үшінші алтын медаль түсті

3 ноября 2024 г.
Бокстан әлем чемпионаты: Қазақстан қоржынына үшінші алтын медаль түсті

Черногорияда өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына үшінші алтын медаль түсті.

Бұл жолы 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Аружан Зейнуллаева топ жарды. Финалда отандасымыз өзбекстандық Рухшон Парпиевамен қолғап түйістіріп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жетті. Есеп – 5:0.

Еске салайық, бұған дейін 75 келіде өнер көрсеткен Санжарәлі Бегалиев финалда өзбек боксшысы Жафарбек Шахбазовты жеңіп, әлем чемпиионы атанды.

Отандасымыз үш раунд бойы қарсыласының көсіліп ойнауына мүмкіндік берген жоқ. Тіпті, оның ауыр соққыларының бірінен соң рефери өзбек боксшысына нокдаун санады. Осылайша төрешілер әр раундта 5:0 есебін тіркеп, жеңісті бірауыздан Санжарәліге берді.

Финалға дейін қазақ боксшысы Румыния, Болгария, Куба және Польша боксшыларын жеңген болатын.

Ал Черногорияда өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы алтын жүлдені Төрехан Сабырхан (67 кг) әкелген еді. Ол кубалық боксшыны жеңіп, жеңімпаз атанды.

Финалдық кездесу Төрехан үшін осы жарыстағы ең қиын жекпе-жек болды деуге болады. Кубалық Дэвид Эспиноса бірінші раунд басталғаннан-ақ шабуыл мен қарымта шабуылын үдетіп, қазақ боксшысын біраз тығырыққа тіреген. Десе де, Төрехан ерекше шеберлігінің арқасында қорғаныста да, шабуылба да сауатты әрекет етіп, үш раунд бойы басымдықты уыстан шығарған жоқ.

Айта кетейік, Т.Сабырхан осы әлем чемпионатының финалына дейін Черногория, Ауғанстан, Өзбекстан және Қытай боксшыларын оңай жеңген болатын.

Бұл – Қазақстан құрамасының осы әлем чемпионатындағы алғашқы алтын медалі. Қоржында тағы 10 қола медаль бар. Сонымен қатар, алты боксшы финалда өнер көрсетеді.

Фото: ҚБФ