Сұлтан Заурбек – ЧЕМПИОНДЫҚҚА ТАҒЫ БІР ҚАДАМ ЖАҚЫНДАДЫ
Қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Сұлтан Заурбек рейтингте жоғарылап келеді. Ең кейінгі кездесуін Ұлыбританияда өткізіп, қарсыласын айқын басымдықпен жеңгеннен кейін ол әлемдік рейтингтегі жағдайын біршама жақсартып алды. Әрине, оның әзірге соңғы қарсыласы соншалықты мықты боксшы дей алмаймыз. Бірақ алдағы уақытта үздік былғары қолғапшеберлерімен жұдырықтасады деп үміттенеміз.
Рейтингте өрлеп келеді
Жуырда кәсіпқой бокстағы ең беделді төрт ұйымның бірі WBA – Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы боксшылардың рейтингін жариялады. Шілде айындағы рейтингпен салыстырғанда тамызда 59 келіге дейінгі екінші жеңіл салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Сұлтан Заурбек (18-0, 13 КО) бір саты жоғарылап, төртінші орыннан үшінші сатыға көтерілді.
Бұл нұсқа бойынша әлем чемпионы атағы Ламонт Роучқа (25-1-1, 10 КО) тиесілі. 28 жастағы америкалық боксшы былтыр қарашада доминиканалық Гектор Гарсиямен (16-2, 10 КО) жұдырықтасып, чемпиондық атақ үшін өткен айқаста жеңіске жеткен еді. Роуч төрешілердің аралас шешімімен қарсыласынан басым түсті – 2:1.
Ал WBA нұсқасы бойынша «уақытша» әлем чемпионы – 26 жастағы ресейлік Альберт Батырғазиев (11-0, 8 КО). Ол шілде айында ирландиялық Джоно Кэрролды (24-3-1, 7 КО) тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңіп, «уақытша» әлем чемпионы атағын иеленді.
Екінші жеңіл салмақтағы WBA белдігіне үміткер боксшылардың рейтингіне тоқталар болсақ, қазақстандық боксшы 30 жастағы грузиялық Отар Эраносян (14-0, 7 КО) және 36 жастағы британиялық Ли Вудтан (28-3, 17 КО) кейінгі үшінші сатыда тұр.
Әрі қарай не болмақ?
Бұл үштікте Вудты ерекше атап өтуге болады. Өйткені ол WBA рейтингінен бөлек, боксшылардың статистикалық мәліметтерін жүргізетін Boxrec рейтингінде де үздік үштіктің қатарында тұр. Себебі ол әлдеқайда мықты қарсыластармен жұдырықтасып келеді.
Салыстыру үшін айтар болсақ, Заурбек BoxRec-те 23-ші, Эраносян 43-орынға жайғасқан. Дегенмен Отардың соңғы қарсыластары қазақстандық боксшының қарсыластарына қарағанда мықтырақ болды.
Сұлтан Заурбек WBA рейтингінде үшінші орынға көтерілсе де, ол әлі азулы қарсыластармен жұдырықтасып көрген жоқ. Әрине, бұл жақсы емес. Ендігі жағдай не болмақ? Иә, 2022 жылдан бері қазақстандық боксшы Ұлыбританияда 6 жекпе-жек өткізді. Бірақ оның бірде-бірі BoxRec-тен бес жұлдыздың ең кемінде екі жұлдызына да ие бола алған жоқ. Осыдан-ақ оның қай деңгейдегі боксшылармен жұдырықтасқанын аңғаруға болады.
Жағдайды жақсартудың жолдары
Дегенмен жағдайды жақсартудың бірнеше нұсқасы бар. Боксшының айтуынша, ол келесі жекпе-жегін қазан айында өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай белсенділікті тек құптауға болады. Егер бұл жекпе-жек өтсе, онда ол биылдыққа үшінші мәрте шаршы алаңға көтерілмек.
Бір қуаныштысы, бұл айқас АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтуі мүмкін екені және қарсыласы мексикалық боксшы болатыны айтылып жатыр.
Дегенмен бұл айқас оның карьерасына елеулі өзгеріс алып келеді дегенге сену қиын. Өйткені бұл – қазақстандық боксшының Америкадағы алғашқы жекпе-жегі. Сондықтан ол мұхиттың арғы бетіндегі бірінші айқасында мықты қарсыласпен шыға қоймайды. Яғни, боксшы алдымен бейімделіп алу қажет. Осы орайда, тағы бір сұрақ туындайды. Әрі қарай не болмақ?