Бокс Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына енді

Грекияның Коста-Наварино қаласында өткен Халықаралық Олимпиадалық комитеттің (ХОК) 144-ші сессиясында боксты 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада бағдарламасына қосу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті ресми түрде мәлімдеді.
Даудың басы – IBA төңірегіндегі қаржы мәселесі
Әуесқой боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастау мәселесі 2019 жылдан бері көтеріліп келеді. 2020 жылғы Токио және 2024 жылғы Париж Олимпиадалары қарсаңында да төртжылдықтың басты додасы бокссыз өтеді деген болжамдар айтылған еді. Алайда екі Олимпиадада да боксшылар шаршы алаңға шығып, жүлделерді сарапқа салды.
2022 жылдың ақпанында бокс спорты 2028 жылғы Олимпиада ойындарының алдын ала жарыс бағдарламасынан шығарылып қалған болатын. Бұл шешім Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) төңірегінде туындаған қаржылық және басқарушылық мәселелерге байланысты қабылданды. 2023 жылдың маусымында ХОК IBA-ның ресми мойындауын толықтай қайтарып алған соң, бокстың Олимпиададағы болашағы бұлыңғыр болып қалған еді.
2024 жылғы Париж Олимпиадасында бокс жарыстары ХОК-тің арнайы жұмыс тобының қадағалауымен өтті. Бұл бокс спорт түрінің Олимпиадалық қозғалыс үшін маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Боксты енді World Boxing басқарады
Олимпиадалық бокстың жаңа даму кезеңінде басқару 2023 жылы құрылған World Boxing халықаралық бокс федерациясына жүктелді. Қазіргі таңда бұл ұйымға 84 ұлттық федерация мүше. Жуырда World Boxing ХОК-тен уақытша мойындау алып, әлемдік деңгейде боксты дамыту құқығына ие болды.
«ХОК-тің боксты Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына қосу туралы шешімі – World Boxing пен бүкіл Олимпиада қауымдастығының ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Бұл – мыңдаған спортшының арманын сақтап қалу деген сөз. Мен Олимпиада жүлдегері ретінде мұның болашақ буын спортшылары үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Олимпиада – жай ғана жарыс емес, бұл – үміттің символы, шыңға ұмтылу және әлемге өзіңді таныту мүмкіндігі. Біз бокстың бай тарихы мен дәстүрін Олимпиада бағдарламасында сақтау үшін аянбай жұмыс істедік. Әрбір жас спортшы өз елінің туын желбіретіп, Олимпиада тұғырына көтеріле алуы тиіс. Алда әлі көп жұмыс күтіп тұр, біз бұл жауапкершілікті толық сезінеміз. World Boxing әділ төрешілік пен спортшыларды іріктеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бар күшін салады», – деді Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері, Олимпиада комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин.
Сондай-ақ, Геннадий Головкиннің айтуынша, World Boxing бұрынғыдай ашықтық пен әділдік қағидаларын ұстанып, әрбір боксшының тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге баса назар аударады.
Айта кетейік, Қазақстан бокс федерациясы 2024 жылдың қараша айында World Boxing құрамына кірді. 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы 14-30 шілде аралығында өтеді.