Бивол VS Смит: жартылай ауыр салмақтағылар мамырдың 9-ы күні АҚШ-та жұдырықтасады

29 января 2019 г.
Бивол VS Смит: жартылай ауыр салмақтағылар мамырдың 9-ы күні АҚШ-та жұдырықтасады

Ресейлік жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Дмитрий Бивол (14-0, 11 KOs)  мен америкалық Джо Смит (24-2, 21 KOs) арасындағы титулдық жекпе-жектің өтетін орын белгілі болды.

Қос боксшы Верона қалашығындағы (Нью-Йорк штаты, АҚШ) Turning Stone аренасында қолғап түйістіреді. 28 жасар ресейлік үшін 26 жасар қарсыласымен кездесу  соңғы екі жылдағы алғашқы шайқас. 2017 жылдың қазан айында аустралиялық Трент Броадхерсті нокаутқа түсіріп, жеңіп алған Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының чемпиондық белбеуін Дмитрий төртінші мәрте қорғамақ. Бұған дейін Бивол өз олжасын канадалық Жан Паскальдан, малавиялық Айзек Чилембадан және кубалық Салливан Баррердан қорғаған болатын.

Смит WBA жартылай ауыр салмақтағылар рейтингісінің 8-ші орнында тұр. Оның Биволға қиындықтар туғызатын ауыр соққылары бар. Десе де, ол басқа көкжиектің қыраны. Ресейлік боксшы үшін америкалық лайықты қарсыластан гөрі, кезекті мисматч болары анық.

Смит 2016 жылдың желтоқсанында 50 жастағы Бернард Хопкинсті нокаутпен жеңгеннен кейін аса танымалдылыққа ие болды. Өзінің атақты отандасымен кездеспес жарты жыл бұрын, ол поляк азаматы Анджея Фонфардың алғашқы раундта «шамын» өшірген. Алайда, 2017 жылдың шілдесінде Смит Салливан Баррермен өткізген 10 раундтық шайқаста төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіс тұғырын қарсыласына берген болатын. Өткен жылы ол шаршы алаңға бір ғана рет шықты. Ауыр салмақтағы боксшы маусымда 39 жастағы жерлесі Мелвин Расселлді нокаутқа түсірді.