Берікбай Нұрымбетов – Ел сенімін ақтау үшін аянбаймын

31 мая 2016 г.
Берікбай Нұрымбетов – Ел сенімін ақтау үшін аянбаймын

Берікбай Нұрымбетов кәсіпқой бокс рингіндегі екінші жекпе-жегін өткізіп, Астанада Украинадан келген Артур Землянойды айқын басымдықпен жеңді.

Дәл сол күні Астана төріндегі кәсіпқой бокс кешінде жеті жекпе-жек өткен болатын. Солардың үшеуі нокаутпен аяқталып, енді үшеуінде техникалық нокаут тіркелді. Сол себептен мамандар мен жанкүйерлер Астана төріндегі алғашқы кәсіпқой бокс шоуына “Нокауттар кеші” деген айдар тақты.

Атына заты сай осы кеште бір ғана жекпе-жек бастан-аяқ толық өтті. Ол – жартылай орта салмақ дәрежесіндегі Нұрымбетов пен Земляной арасындағы алты раундтық айқас.

Әйтсе де, бұл аталған бокс кешіндегі ең қызықты айқас болды. Берікбай алты раунд бойы айылын жимай, қарсыласын оңды-солды төпелеп, пәрменді соққыларын діттеген жеріне дөп тигізіп отырды. Бірақ Украина боксшы бет-ауызы көгеріп, қабағы күп болып ісіп кетсе де, құламай қойды.

Осы жекпе-жектен кейін Берікбайды тілге тартқанымызда:

– Кеш өте тамаша болды. Diamond Ring промоутерлік компаниясы осындай кешті бірінші рет өткізсе де, көпшілікті тамсандырып, өте жоғары деңгейде ұйымдастырды. Осы бокс кешіне келген таныстарым да, теледидар арқылы жеңісіме куә болған туыстарым да, құттықтап қана қоймай, кештің ұйымдастырылу мәселелеріне риза болып, көңілдерінен шыққанын білдірді.

Өздеріңіз білесіздер, естіген де боларсыздар, мен бұл жекпе-жекке Киевте дайындалдым. Оның пайдасы зор болды деп ойлаймын. Спорттық бабыма енді келе бастағандаймын. Рингте аянған жоқпын. Ұстаздарымның айтқандарын түгелдей дерлік жүзеге асырдым деп ойлаймын. Толықтай болмаса да, сексен пайызын іс жүзінде жүзеге асырдым.

Ал қарсыласыма келер болсақ, өте табанды және шыдамды жігіт екен. Ол түсінікті де, Украина боксының түлегі оңайлықпен беріле салмайды. Артур да қайсарлық көрсетіп, төзімділік танытты. Меніңше, бұл жанкүйерлер үшін өте қызықты жекпе-жек болды.

Тілеуімді тілеп, қолдау көрсеткен жанкүйерлердің бәріне алғыс білдіргім келеді. Сіздердің сенімдеріңізді ақтап, еліміздің намысын абыроймен қорғауға бар күш-жігерімді саламын!

Текст: Sadvakas Maikibayev