Берчельт VS Роман – Мигельдер жекпе-жегінде кім жеңеді?

3 ноября 2018 г.
Берчельт VS Роман – Мигельдер жекпе-жегінде кім жеңеді?

Ертең АҚШ-тың Техас штатындағы Эль-Пасо қаласында мексикалық қос Мигель шаршы алаңға шығып, екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBC чемпиондық белбеуін сарапқа сарады. Берчельт, әлде Роман – сіз кімнің жеңісіне бәс тігесіз?

Мексиканың қос мықтысы арасында өтетін айқаста Мигель Берчельт (34-1, 30 KO) өткен жылдың қаңтарында Франсиско Варгастан тартып алған WBC чемпиондық атағын бесінші рет қорғамақ. Бұл жолғы қарсыласы – Мигель Роман (60-12, 47 KO). 2008-2010 жылдар аралығында қатты дағдарысқа ұшырап, өзін жоғалтып алған Роман қазір бабында. Аттасының чемпиондық атағын тартып алудан тайынбайды.

Бұл қазақстандық Бекман Сойлыбаевтың салмағы. Сондықтан, қос Мигель арасындағы тартыс біз үшін де қызықты. Салмақ өлшеу барысында екеуі де 58,8 келіні көрсетті.

Айтпақшы, бұл кеште шаршы алаңға екі қазақ боксшысы шығады. «Супер мидллвейт» салмақ дәрежесіндегі Жәнібек Әлімханұлы өзінің төртінші жекпе-жегін америкалық Вон Александерге қарсы өткізсе, жартылай орта салмақтағы Сағадат Рахманқұл кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегінде пуэрто-риколық Никлауз Флазпен жұдырықтасады.

Текст: Sadvakas Maikibayev