Бекзат Нұрдәулетов финалға аса көп тер төкпей шықты

11 марта 2020 г.
Бекзат Нұрдәулетов финалға аса көп тер төкпей шықты
Фото - kfb.kz

Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирінің көмбесі көріне бастады. Финалға шыққан төртінші боксшымыз жартылай финалда Иордания үмітінен үстем түсті. Нақтырақ айтқанда, 81 келі салмақ дәрежесіндегі Бекзат Нұрдәулетов жергілікті Одаи Әл-Хиндавиді жеңіп, алтын медалді сарапқа салу құқығына ие болды.

Бұл жекпе-жекте Бекзат өзінің деңгейі жоғарылау екендігін бірінші раундтан бастап көрсетті. Қарсыласын өзіне көп жақындатқан жоқ. Қол созым жерден соққыларын діттеген жеріне тигізіп, оның сілтеген жұдырығын өзіне дарытпауға тырысты. Техникалық шеберлігі де басым екендігін көрсетіп, жылдам қимылдап отырды.

Әрине, Иордания боксшысы көрермендердің қамшылауымен алға қарай ұмтылды. Бірақ соққыларының көбісі қиыс кетіп, тауы шағыла бастады. Содан соң Бекзатты құшақтап алып, алысып-жұлысуды жиілетті. Өзінің жеңіп жатқанын білгендіктен бе, Бекзат кейде арқаны кеңге салып, қарсыласының әуселесін бағамдаумен шектелді.

Қысқасы, жеңіске жетуге жетерлік күш-жігерін жұмсап, жылдамдығын да бірде артырып, бірде тежеп отырғандай болды. Ал төрешілер үш раундта да жеңісті 2019 жылғы әлем чемпионына берді. Есеп – 5:0 (30:27, 30:27, 30:27, 30:27, 30:27). Бекзат Нұрдәулетов – финалда. Ертең «Жасыл құрлық» қыранымен кездеседі.