Бекман Сойлыбаев – WBC рейтінгісінде
Diamond Ring боксшысы Бүкіләлемдік бокс кеңесі тұжырымының екінші жартылай жеңіл салмағындағы үздіктер тізімін түйіндеп тұр.
Бекман Сойлыбаев алғаш рет WBC майталмандары тізіміне ілікті. Маусым айында жаңғыртылған рейтингте біздің боксшымыз әзірше 40-орынды иемденіп тұр.Жалпы, бұл тізімде жапон жігіті Такаши Миура көш бастап келеді.
Осы ретте айта кетуге тиіспіз, Бекман – осы рейтингтегі үш Қазақстан боксшысының бірі. Сойлыбаевпен бірге WBC үздіктері тізіміне Геннадий Головкин мен Бейбіт Шүменов енді.
Енді бір жағымды да, маңызды жаңалық, WBC тұжырымының Еуразиядағы аймақтық өкілдігі Бекман Сойлыбаевты өткен айдың ең үздік боксшысы деп жариялады.
Естеріңізге сала кетейік, Бекман өзінің соңғы жекпе-жегінде грузин Николоз Кокашвилиді екінші раундта нокаутқа түсіріп, EPBC WBCтұжырымы бойынша чемпиондық атақты жеңіп алған болатын.
Бекман бүгінге дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрген жоқ. Төрт жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтап, үстемдік танытқан болатын. Сонымен қатар, WBA NABA тұжырымы бойынша да жеңімпаз атанып, тағы бір чемпиондық белбеуді жеңіп алған.
Бекманның WBC рейтінгісіне ілігуінің өзі оның кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы мансабына әсер етіп, алдағы уақыттағы жекпе-жектерінің мәртебесін арттыра түседі деп ойлаймыз. Алға, Бекман!