Бекман Сойлыбаев WBC Eurasia Pacicfic чемпионы атанды
WBC Eurasia Pacicfic тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуге таласқан Бекман Сойлыбаев Грузиядан келген Николоз Кокашвилиді екінші раундта нокаутқа түсірді.
Міне, Астанадағы кәсіпқой бокс кеші де аяқталды. «Diamond Ring» промоутерлік компаниясының сыралғы саңлағы Бекман Сойлыбаев енді – екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBC Eurasia Pacicfic чемпионы.
Негізі, грузин Николоз Кокашвили өте тәжірибелі боксшы еді. Ол кәсіпқой бокс рингінде 21 жекпе-жек өткізіп, соның 17-ісінде жеңіске жетіп, жетеуін нокаутпен аяқтаған.
Бірақ біздің Бекман да осал емес. Сегіз жекпе-жек – сегіз жеңіс. Үш қарсыласын сұлатып салып, нокаутпен үстем түскен. Ал биылғы жылдың ақпан айында, АҚШ-та өткен соңғы жекпе-жегінде Мексика марқасқасы Мойзес Дельгадиллодан басым түсіп, WBA NABA чемпионы атанған болатын.
Бүгін де Сойлыбаев қарсыласын сойып салды. Екінші раундтың басында грузин боксшысын сол қолымен-ақ ұрып құлатты. Кокашвили аяғына тік тұрып кете алмай, отырып қалды.
– Сенім артқан жанкүйерлерім мен жерлестеріме алғыс білдіремін. Әрі қарай жетіле түсіп, бұдан да маңызды жекпе-жектерге қол жеткізгім келеді, – Бекман өзінің кезекті жеңісінен кейін.