Бекман Сойлыбаев Василий Ломаченкомен спарринг өткізді
Лос-Анджелестің Wild Card West спорт залында жаттығу жиынын өткізіп жүрген қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаев бүгін спаррингтік жекпе-жек өткізді. Кіммен дейсіз ғой. Екі дүркін әлем және Олимпиада чемпионы, WBO белбеуінің иегері украиналық Василий Ломаченкомен.
Спаррингтен кейін боксшылар қол алмасып, бір-біріне риза болып тарқасты.
Естеріңізге сала кетейік, Бекман Сойлыбаевтың АҚШ-та әйгілі Эрик Браунның қарамағында жаттығып жүргеніне бір айдан асты. Кәсіпқой бокстағы келесі жекпе-жегін 10 наурыз күні Тустин қаласында өткізеді.
– Бұл спаррингтің мен үшін маңызы зор болды. Былай айтқанда өз күшімді толық тексеріп, әлеуетімді бір бағамдап алдым. Василий Ломаченко – өте мықты боксшы. Екі дүркін Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогын жеңіп алған. Оның үстіне, менің салмағымда WBO чемпиондық белбеуінің иегері. Жалпы, адамгершілігі мол, жақсы жігіт екен. Болашақта шаршы алаңда қайта кездессем деймін. Бірақ, ендігісі чемпиондық айқас болса деген арманым бар, – деді Бекман.
Айта кетейік, кәсіпқой рингте сегіз жекпе-жек өткізіп, соның жетеуінде жеңіске жеткен Василий Ломаченко да өзінің келесі айқасын 8 сәуір күні АҚШ-тың Мэриленд қаласында өткізеді. Қарсыласы – WBA чемпиондық белбеуінің иегері америкалық Джэйсон Соса.