Бекман Сойлыбаев пен Мойзес Дельгадилло – таразы басы тең
Бекман Сойлыбаев пен Мойзес Дельгадилло таразыға тартылды. Қызық болғанда, екеуінің де салмақтары бірдей болып шықты.
Қос боксшы 18 ақпан күні (Лос-Анджелес уақытымен) Калифорния штатының Коста Меса қаласында өтетін бокс кеші қарсаңындағы салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Бекман Сойлыбаев та, Мойзес Дельгадилло да екінші жартылай салмақтың шектеулерінен асқан жоқ.
Таразы екеуінің де салмағы 130 фунт (58,9 келі) екендігін көрсетті. Бұл Сойлыбаевтың кәсіпқой бокс рингіндегі сегізінші жекпе-жегі болады – 7 – 0 – 0 (3KO). Ал оның мексикалық қарсыласы шаршы алаңға 31-рет шығады – 15 – 13 – 2 (8KO).
Екі боксшы үшін де бұл жекпе-жектің жөні бөлек. Себебі олар Коста Меса төріне керілген шаршы алаңда WBA-NABA USA тұжырымы бойынша осы салмақ дәрежесіндегі чемпиондық атақты сарапқа салады.