Бекман Сойлыбаев медициналық тексерістен өтті
Лос-Анджелесте үш ай оқу-жаттығу жиынын өткізіп, соның аясында екі жекпе-жек өткізген қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаев елге оралысымен толық медициналық тексерістен өтті.
– Бұл жоспарлық медициналық тексеріс. Негізі тұрақты түрде әр жекпе-жектен кейін өтіп тұрамын. Әйтпесе, денсаулығым жақсы. Тек соңғы айқастан кейін қолым аздап ауырып тұр. Бірақ, мұның барлығы өткінші нәрсе. Көп ұзамай жазылып кетеді. Жақында жаттығуға қайта кірісемін. WBC International чемпиондық белбеуімді қорғауым керек, – деді Бекман Сойлыбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Америкадағы үш айлық оқу-жаттығу жиынының аясында «Diamond Ring» боксшысы екі жекпе-жек өткізіп, соңғысында WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алған болатын. Кәсіпқой шаршы алаңда барлығы 11 айқас өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.