Бекман СОЙЛЫБАЕВ – Ломаченко ешқашан Линарес секілді мықты боксшымен кездескен емес
WBC International чемпионы Бекман Сойлыбаев ертең АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтетін Василий Ломаченко мен Хорхе Линарес арасындағы жекпе-жек жайлы өз ойын білдірді.
Украиналық Ломаченко мен венесуэлалық Линарестің айқасы Астана уақытымен ертең таңғы 9:00-де басталады. Қазақстанда жекпе-жектің тікелей эфирін «Хабар» телеарнасы көпшілікке ұсынып, таңғы 8:00-ден бастап эфирге қосылмақ.
– Міндетті түрде көретін боламын. Себебі, бұл осы жылдың басты жекпе-жегі болуы да мүмкін. Бір-біріне лайық боксшылар. Ломаченко өз өмірінде ешқашан дәл Линарестей мықты боксшымен кездескен жоқ. Сол секілді Линареске де осы күнге Ломаченкодай боксшы жолықпаған. Сондықтан, бұл айқастан бәрін де күтуге болады, – деді Сойлыбаев.
– Жалпы алғанда сіздің ойыңызша кім жеңуі мүмкін?
– Бокста «ринг көрсетеді» деген сөз осындайда айтылса керек. Бәрі де боксшылардың дәл сол кездегі көңіл-күйіне, өзін сезінуіне байланысты. Қайсысы өз тактикасынан тайқымай, үстемдігін жүргізе алса, сонысы жеңіске жетеді. Дегенмен, өз басым, басымдықты Ломаченкоға беремін. Hi-Tech шаршы алаңдағы қарқынын бірте-бірте үдететін боксшы. Соңына таман үстемдігі айқын байқалатын шығар деп ойлаймын.
– Нокаут немесе нокдаун болуы мүмкін бе?
– Бәрі де мүмкін. Мұндай жекпе-жекте ұсақ-түйек нәрсе болмайды. Кез келген сәтті бәрі шешіліп кетуі ғажап емес. Алайда, жеңімпаз төрешілердің шешімімен анықталады деп ойлаймын. Өйткені, екі боксшы да соңына дейін айқасатын жігіттер. Бір-бірін лайық тапты.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде жаттығуын Астанада жалғастырып жүрген екінші жартылай жеңіл салмақтағы Бекман Сойлыбаев АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынын Рамазан айынан кейін жалғастырады деп жоспарлануда. Кәсіпқой бокстағы 12 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен ол соңғы айқасын өткен жылдың қазан айында Лас-Вегаста мексикалық Фернандо Варгасқа қарсы өткізіп, WBC International белбеуін қорғап қалған.