Бекман Сойлыбаев – Ломаченкоға енді Майки Гарсиямен жекпе-жекке шығу керек
Нью-Йоркте өткен украиналық Василий Ломаченко мен кубалық Гильермо Ригондоның арасындағы айқастан кейін қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаевтың пікірін білген едік.
Естеріңізге сала кетейік, алтыншы раундтан кейін жекпе-жектен бас тартқан Гильермо Ригондо өмірінде бірінші рет жеңілістің кермек дәмін татса, Василий Ломаченко WBO тұжырымының екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпиондық атағын қорғап қалды.
– Айқастың аса қызықты болмайтынын жекпе-жекке дейін де айтқанмын. Расымен де солай болды. Жекпе-жек іш пыстырмаса да жеңіске кімнің жететіні екеуі шаршы алаңға шығып, қатар тұрғанда-ақ белгілі болған. Ломаченконың да денесі ірірек екені көрініп тұрды. Меніңше, Ригондо да қорғанысқа тым көп көңіл бөліп қойған сияқты. Аяқпен көбірек жұмыс жасап, қашықтықты сақтауы қажет еді деп ойлаймын. Ал Ломаченкоға бұл жеңіс аса қиын болған жоқ. Ол үшін бұл кездесудің аса қызықты емес екенін бұған дейін де айтқан. Енді Ломаченко бір салмақ дәрежесіне көтеріледі деп ойлаймын. Оған дәл қазіргі таңда америкалық Мигель Анхель Гарсиямен жұдырықтасқан дұрыс шығар. Солармен бір шаршы алаңды бөлісу мүмкіндігі бізге де туатынына сенімдімін. Сол кезде өз мүмкіндігімді жібермеймін, – деді Бекман Сойлыбаев.
Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Төрт қарсыласын нокаутқа түсірген.