Бекман Сойлыбаев күлімсіреп жүріп жетінші рет жеңіске жетті.

13 декабря 2015 г.
Бекман Сойлыбаев күлімсіреп жүріп жетінші рет жеңіске жетті.

Кәсіпқой бокстың екінші жартылай салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Бекман Сойлыбаев жетінші жекпе-жегін өткізіп, бұл жолы да жеңіске жетті. Сегіз раундтың бәрінде де біздің жерлесіміздің айқын басымдығы байқалып тұрды. Төрешілер де жеңісті бірауыздан Қазақстан боксшысына берді-80:72

Бекман бірінші минуттан-ақ ширақ қимылдап, негізінен ара қашықтықты ұстай отырып, соққы жұмсаумен болды. Ол рингте еркін қимылдап, қарсыласының адымын аштырмады. Аветисян да қапысын тауып, қарсы шабуылдар ұйымдастыруға тырысты. Екі боксшы да пәрменді соққыларымен бір-бірінің бастарын нысанаға алды

Әйтсе де, Сойлыбаев әлдеқайда тың көрінді. Қарсыласы кәсіпқой бокс рингіне 75-інші рет шығып отырған тәжірибелі спортшы болса да, жерлесіміз өзіне өте сенімді болды. Бекман қарсыласын жойқын соққыларымен тықсыра түсіп, Аветисян үш мәрте тізерлей құлады. Бірақ Грузия боксшысының қайсарлығын да мойындауымыз керек, жаны сірі жігіт екен, жеңіліп жатса да, Бекманмен әзілдесіп, сыр бермеуге тырысты. Басы да мықты екен, қазақ боксшысының қуатты соққыларына төтеп берді.

Сөйтіп,8-раундтық жекпе-жек Бекман Сойлыбаевтың жеңісімен аяқталды. Шаршы алаңдағы айқас аяқталысымен ол “Қарсыласым төзімді жігіт екен. Әрине, жеңіске жеткеніме қуаныштымын, бірақ мен оны сұлатып салуды мақсат тұтып едім”-деп күлді.

Текст: Sadvakas Maikibayev