Бекман Сойлыбаев бірінші рет Белбеу үшін айқасады

9 февраля 2016 г.
Бекман Сойлыбаев бірінші рет Белбеу үшін айқасады

18 ақпан күні Калифорнияда Diamond Ring боксшысы мен мексикалық Мойсес Дельгадилло жұдырық түйістіріп, NABA USA тұжырымының чемпиондық атағын сарапқа салады.

Отандық бокс жанкүйерлерін жағымды жаңалығымызбен қуантпақпыз. Солтүстікамерикалық бокс қауымдастығымен келісімге келіп, NABA тұжырымының екінші жартылай жеңіл салмағындағы иесіз белбеуді сарапқа салу шешімі қабылданды.

Осылай, Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокс рингінде бірінші рет чемпиондық атақ үшін айқасатын болып отыр. Бекманның бұған дейін жеті рейтингтік жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жетіп, әрі үш қарсыласын сұлатып салғанын барлығыңыз да білесіздер.

Ал оның бұл жолғы қарсыласы,28 жастағы Мексика майталманы Мойсес Дельгадилло – кәсіпқой бокста мейілінше ысылған спортшы. Осы уақытқа дейін 30 жекпе-жек өткізіп (15 (8KO) – 13 – 2), бірнеше рет Белбеу үшін айқасып, мұның да «дәмін» татқан. Атап айтқанда, WBC Mundo Hispano, WBC Caribbean Boxing Federation және WBC Youth World тұжырымдары бойынша чемпиондық атақтарға таласқан.

Қазір Бекман Сойлыбаев Лос-Анджелесте, көпшілікке танымал бапкері Эрик Браунның жетекшілік етуімен алдағы жекпе-жегіне дайындалып жатыр.

Текст: Sadvakas Maikibayev