Бекман Сойлыбаев Астанада баспасөз мәслихатын өткізді
Лас-Вегаста WBC International атағын сәтті қорғаған қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев Астанада баспасөз мәслихатын өткізді.
Елордамыздың Old school бокс клубының залында өткен баспасөз мәслихатында Бекман Сойлыбаев өзінің АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны жайлы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ал баспасөз мәслихатының соңында жанкүйерлерге автографтар таратты.
Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуінің иегерімен баспасөз мәслихатын ерекше форматта өтті. Бекман Сойлыбаев модератормен бетпе-бет әңгімелесіп, арасында журналистер де өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Фернандо Варгаспен өткен жекпе-жек бір жағынан қызықты, екінші жағынан тартысты өтті. Дегенмен, өзімнің жеңісіме сенімді болдым. Бірінші раундтан тізгінді қолдан шығармауға тырыстым. Жеңісімді барша қазақстандықтарға арнаймын. Енді маған рейтиңгі өзімнен жоғары боксшыларға қарсы шаршы алаңға шығу керек. Менің салмағымда мықтылар өте көп. Василий Ломаченко, Мигель Берчельт, Орландо Салидо сындылардың бәрі осы салмақта. Болашақта осы бокшыларға қарсы өз күшімді байқап көргім келеді, – деді Бекман Сойлыбаев.
Өзінің айтуынша, келесі жекпе-жегін 2018 жылдың ақпан немесе наурыз айында өткізуі мүмкін екен. Әзірге аздап демалып, жаттығуын Астанада жалғастырмақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта салмақ ауыстыру туралы жоспарын да айтты.
Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің лимиті – 58,9 келі, америкалықтардың тілімен айтсақ, 130 фут. Жаттығу лагеріне 60 келімен барамын да, ары кетсе екі аптаның ішінде-ақ салмақ тастап үлгеремін. Кейде салмағым 130 футқа жетпей де қалып жатады. Жеке бапкерім Эрик Браун маған 126 футта айқасуға болатынымды айтты. Бәлкім, алдағы уақытта керісінше, төменгі салмаққа түсетін де шығармын, – деп ағынан жарылды Бекман.
Баспасөз мәслихатының соңында Бекман әлемдік боксшылардың ішінде өзінің Р4Р рейтингін жасап, бірінші орынға Геннадий Головкинді қойды. Екінші орында америкалық Теренс Кроуфорд, үшінші орында ағылшын Энтони Джошуа, төртінші орында мексикалық Сауль Альварес, ал үздік бестікте украиналық Василий Ломаченко.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қазан күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында «Голден бой» промоутерлік орталығымен өткен кәсіпқой бокс кешінде Бекман Сойлыбаев мексикалық Фернандо Варгаспен жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен болатын. Осылайша, осы жылдың сәуір айында жеңіп алған екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуін қорғап қалды.
Сойлыбаев пен Варгас арасындағы жекпе-жек Лас-Вегастың әйгілі Monte Carlo Resort and Casino қонақүйінде өтіп, оны әлемдегі алпауыт агенттіктердің бірі ESPN телеарнасы тікелей эфирден көрсетті.
Жалпы, бүгінде 27 жастағы Бекман Сойлыбаев кәсіпқой шаршы алаңда 12 айқас өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Төрт қарсыласын нокаутпен жеңген. Еншісінде WBC International және WBA NABA чемпиондық белбеулері бар.
Бекман Сойлыбаевпен болған толыққанды сұхбатты алдағы уақытта сайтымыздан оқи аласыздар.