Бекман Сойлыбаев Америкаға аттанды

12 января 2015 г.
Бекман Сойлыбаев Америкаға аттанды

Кәсіпқой бокс рингінде жерлестерін жарқын жеңістерімен қуанышқа бөлеп жүрген Бекман Сойлыбаев тағы да мұхиттың арғы бетіне аттанды.

Бекітілген жоспары бойынша, ол ақпан айының соңында, Аризона төрінде сегізінші жекпе-жегін өткізеді.

Diamond Ring боксшысы бұл жолы да өзіне үйреншікті, Санта-Моника қаласындағы Wild Card жаттығу залына барды. Түн қараңғысында Калифорния топырағына табан тіреген Бекман бүгін, яғни күндіз алғашқы жаттығу жұмысын өткізіп те үлгерді.

Бұл жолы да Бекман көпшілікке танымал, 25 жыл бойы кәсіпқой бокс тарландарын баптап жүрген, тәжірибелі Эрик Браунның қол астында жаттығады. Дәл осы бапкер, яғни Браун талай таланттың томағасын сыпырып, талай чемпионның бағын ашқан. Бұл ретте Питер Куиллин және Поли Малианджи сынды былғары қолғап шеберлерін айта кетуге болады. Мұның бәрін көзі қарақты бокс жанкүйерлері жақсы біледі.

Ал Бекман болса, соңғы жекпе-жегін 12 желтоқсан күні Киевте өткізген. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың аяғында Грузия боксшысы Кахабер Аветисянмен айқасып, сегіз раундтық жекпе-жекте айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.

Содан бері көп уақыт өтпесе де, Бекман қайыс қолғабын қайта киіп, кезекті жекпе-жегіне дайындала бастады. Әрі өзі:

˜– Бүгінде Киевтегі сол жекпе-жекті ой елегінен өткізе отырып, соңғы қарсыласымның өте тәжірибелі боксшы болғанына және оның сегіз раунд бойы төтеп бергеніне қуаныштымын. Менің бұл жекпе-жектен түйгенім көп болды. Ең бастысы, тіпті 10 раунд жұдырықтаса алатындығыма көз жеткіздім. Кәсіпқой бокс рингіне бейімделіп, жетіле түскендігімді сеземін. Әрі тағы да шаршы алаңға шығуға дайынмын. Жаттығу жұмыстарын бастадым. Ал Эрик Браун секілді сұңғыла бапкерден дәріс алудың арқасында кәсіпқой бокстың қыр-сырына одан әрі қаныға түсіп, деңгейімнің өсе түсетіндігіне сенімдімін, – деп ағынан жарылды.

Жоспарың жүзеге асып, асығың алшысынан түссін, Бекман. Қазақ елі сеннен тек жеңіс күтеді.