Бабы келісіп бағы жанды – Закир Сафиуллин Олимпиадаға барады

9 марта 2020 г.
Бабы келісіп бағы жанды – Закир Сафиуллин Олимпиадаға барады
Фото - kfb.kz

Иорданияда өтіп жатқан Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы лицензиялық турнирде жігіттеріміз алтыншы жолдамаға қол жеткізді. Бұл жолы 33 жастағы Закир Сафиуллиннің бағы жанды. 63 келі салмақ дәрежесіндегі тәжірибелі боксшымыз ширек финалда Иран үміті Ашкан Резайеден басым түсті.

Закир бұл жекпе-жекте сауатты тактика дегеннің не екенін көрсетті. Қарсыласынан жылдамырақ қозғалды. Шегініп жүріп те, соққыларын дәл тигізді. Алға ұмтылып та, тура ұрды. Қызбалықа салынбай, сабырлы болуға тырысты. Үш раунд бойы қарсыласының аңысын аңдап, күтіп алып, оған ешқандай мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, 5:0 (30:27, 30:27, 30:27, 30:27, 30:27) есебімен басым түсті.

Әрі Токио Олимпиадасының жолдамасына ие болып, арманына қол жеткізді. Табандылық деген осындай болса керек. Бұған дейін бес жігітіміз бен бір қызымыз 2020 жылғы Олимпиада ойындарының жолдамаларына ие болған – Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) және Надежда Рябец (75 келі).