Бүгін Бекман Сойлыбаевтың туған күні

Бүгін тамыздың 12-сі қазақ батыры Бекман Сойлыбаевтың туған күні. Кәсіпқой бокстан WBC International чемпиондық белбеуінің иегері 27 жасқа толды.
Өзінің туған күнін боксшы Лос-Анджелес қаласында атап өтуде. Ол жақта екі жарым ай оқу-жаттығу жиынын өткізетін жерлесіміз 13 қазанда чемпиондық атағын қорғау үшін шаршы алаңға шығады.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы 12 сағаттық уақыт айырмашылығына қарамастан жерлесімізді құрметтегендіктен америкалық бапкерлер Бекманды біздің уақыт бойынша құттықтай бастады. Мәселен, физикалық дайындық жөніндегі жаттықтырушысы Тэйлор Рамсдел Сойлыбаевтың суреттері жинақталған фотоальбом сыйлады. Ал жеке жаттықтырушысы Эрик Браунның сыйлығы тіптен ерекше. Бапкер Бекманның жаттығуларын екі есе қиындатып тастады. Дегенмен, күннің екінші жартысындағы жаттығуда Браун жерлесімізді Менни Пакьяо сынды майталманды тәрбиелеген әйгілі Фредди Роучтың залына ертіп барды.
«Diamond Ring» промоутерлік компаниясы Бекман Сойлыбаевты туған күнімен шын жүректен құттықтап, алдағы айқастарына сәттілік тілейді. Отбасың аман, шаңырағың биік, керегең кең, абыройың зор, аспаның ашық болсын, Бекман!
Айта кетейік, бүгінде Сойлыбаевтың еншісінде кәсіпқой бокстан 11 жекпе-жек, 11 жеңіс бар. Өзінің соңғы айқасында «Diamond Ring» өкілі венесуэлалық Самуэл Гонсалесті жеңіп, екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International белбеуін жеңіп алды. Енді чемпиондық атағын қорғау үшін Бекман 13 қазанда өтетін Лос-Анджелестегі кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға қайта шығады.