АСТАНАДАҒЫ БОКС КЕШІ: НЕШЕ БЕЛДІК САРАПҚА САЛЫНАДЫ?

5 сәуір күні елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде отандық және шетелдік әйгілі боксшылардың қатысуымен үлкен кәсіпқой бокс кеші өтетіні белгілі. Сол кештің негізгі кардындағы үш жекпе-жекте отандастарымыз бес чемпиондық белдік үшін жұдырықтасады.
Кештің негізгі жекпе-жектері
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мен франциялық Анауэль Нгамиссе (14-0, 9 КО) кездеседі.
Сонымен қатар, 5 сәуір күні кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген тағы екі отандасымыз – Сұлтан Заурбек (19-0, 13 КО) пен Батыржан Жүкембаев (23-1, 17 КО) түрлі деңгейдегі чемпиондық белдіктер үшін рингке шығады.
WBA және IBF белдіктері сарапқа салынады
Бірінші жартылай орта салмақта (63,5 кг) өнер көрсететін Батыржан Жүкембаев Астанадағы айқаста WBA Continental белдігі үшін Ұлыбританиялық Кейн Гарднермен (17-4, 7 КО) жұдырықтасады. Қазіргі уақытта бұл чемпиондық атақ бос тұр.
Ал соңғы жылдары жарқын жекпе-жектер өткізіп жүрген талантты боксшыларымыздың бірі Сұлтан Заурбек елордадағы кешке WBA Continental белдігінің иегері ретінде қатысады. Жерлесіміз бұл белдікті 2023 жылдың маусымында Англияның Болтон қаласында өткен бокс кешінде аргентиналық Роман Рейносоны (22-6-2, 10 КО) бірінші раундта нокаутқа түсіріп жеңіп алған болатын. Ал былтыр желтоқсан айында польшалық Дамиан Вржесинскиймен (28-4-2, 7 КО) өткен 10 раундтық жекпе-жекте төрешілердің бірауызды шешімімен (97:92, 97:92, 98:91) жеңіске жетіп, белдігін сәтті қорғады.
Алайда, Астанада Сұлтан Заурбек пен Оңтүстік Африка боксшысы Азинга Фузиле (18-2, 12 КО) арасындағы жекпе-жекте тек WBA Continental белдігі ғана емес, IBF Intercontinental белдігі де сарапқа салынады. Қазіргі уақытта бұл чемпиондық атақ та бос тұр.
Елімізде бірінші рет
5 сәуір күнгі бокс кешінің басты жекпе-жегінде даңқты отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы қос бірдей чемпиондық белдігін кезекті рет қорғайды.
Естеріңізде болса, Жәнібек 2022 жылы WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы атанған еді. Ал 2023 жылдың қазанында германиялық Винченцо Гуальтериді (24-1-1, 8 КО) 6-раундта нокаутқа түсіріп, IBF белдігін де иеленді.
Бұған дейін белдіктерін шетелде қорғап келген отандасымыз бұл жолы қазақстандық бокс сүйер қауымға өзінің рингтегі жарқын өнерін өз жерінде, өз жанкүйерлеріне тамашалау мүмкіндігін беріп отыр. Ең бастысы, бұл айқас Қазақстанда алғаш рет IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынатын жекпе-жек болмақ.