Астанада Сарқұлов пен Шәрібаев тер төгіп жүр
Жарақатына байланысты біраз уақыт көзден таса болған Diamond Ring боксшысы Елдос Сарқұлов Астанада өтетін кәсіпқой бокс шоуында алты раундтық жекпе-жек өткізетін болып, дайындалып жатыр.
14 мамыр күні Елдос кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы төртінші жекпе-жегін өткізеді. Ол алғашқы үшеуінде де жеңіске жеткен болатын. Дәл қазір Diamond Ring оған лайықты қарсылас іздеп, ең жеңіл салмақта Сарқұловпен қолғап түйістіретін боксшылармен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Елдос қазір Астанада жаттығу жұмыстарын өткізіп, Дәурен Жолдасовтың қол астында спорттық бабына келе бастады. Жаттығу барысында күш-қуат дайындығына көңіл бөлініп, айла-тәсілдерін жетілдіре түсу қолға алынған. Алты раунд бойы тынымсыз айқасу үшін төзімділік пен табандылықтың қажет екендігіне де айрықша ден қойылған.
Елдостың өзі «күш-жігерімді толыстырып, әзірленіп жатырмын, ұзақ үзілістің кері әсері жоқ емес, әрине, бірақ мені өз елімде, өз көрермендеріміздің көз алдында айқасатындығым жігерлендіреді, жанкүйерлерімді жерге қарата алмаймын…», – деп ағынан жарылды.
Diamond Ring менеджерлері Елдосқа жақын шет елдерден спарринг-серіктес шақыртатын болып, шешім қабылдады. Енді әдіс-тәсілдерге іс жүзінде төселіп алуға тырысып, жылдамдығы пен шеберлігін ұштай түсу қарастырылады.
Айтпақшы, жағымды жаңалығымыз бар. Елдоспен бірге қазақтың қайсар жігіттерінің бірі, жеңіл салмақтағы Айдар Шәрібаев та (1 (1KO) -0 – 0) жаттығу жұмыстарына қайта кірісті. Ол да Сарқұлов сияқты кәсіпқой бокс рингінде 2014 жылы тырнақалды жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жеткен.
Айдар – еліміздегі әуесқой бокс жанкүйерлеріне мейілінше танымал спортшы. Ол республикалық және халықаралық турнирлерде жарқын жеңістерімен көпшілік есінде қалған. Енді Астана төрінде кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін өткізбек болып, аянбай тер төгіп жүр.
Толық ақпараттардың алдағы уақытта біздің сайтымыздан оқи аласыздар. Фото.