Армат Арманұлы: «Алматыда шоу жасағым келеді»
21 қыркүйек күні Irfin Promotions компаниясының ұйымдастыруымен Алматыда ауқымды кәсіпқой бокс кеші өтеді. Кеш барысында 8 жекпе-жек жоспарланған. Бір айта кетерлігі, әр жекпе-жекте отандық боксшылар шетелдік қарсыласымен қолғап түйістіреді.
Бокс кешінің қызығын қыздыруға қазақстандық 20 жастағы Армат Арманұлы да шығады. Ол орта салмақта (72,6 келіге дейін) өзбекстандық тәжірибелі боксшы Анвар Тураповпен кездеседі. Осыған орай жекпе-жек алдында Арматпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
- Армат, алдағы 21 қыркүйектегі бокс кешіне дайындық қалай жүріп жатыр?
- Дайындық өте жақсы. Жоспар бойынша толыққанды жүріп жатыр. Қазіргі сәтте жан-жақты дайындалудамын. Ең бастысы шоу көрсетуге тырысамын, сол үшін барымды саламын деп айта аламын. Осыған дейінгі Шымкенттегі жекпе-жекте кішігірім сәтсіздік болды. Ол жерде өзімнен де кінә бар. Сол кездегі кеткен қателіктерді түзеп, ендігі жекпе-жегімде қайталамаймын. Сол үшін де қазір барымды салып жатырмын.
- Қарсыласын туралы не айтасың? Бұрын-сонды естуің бар ма? Қандай артықшылығын немесе кемшілігін білесің?
-Қарсыласым жаман емес, бірақ асып-тасып бара жатқан еш жері жоқ. Одан қорқатын, үркетін ештеңесі жоқ, жекпе-жекке еш тайынбай түсемін деп отырмын. Бір басына жететін лайықты атақтары да бар екен. Бірақ тағы қайталап айтамын, сескеніп тұрған жоқпын.
- Irfin Promotions ұсынысын қалай қабылдадың? Irfin туралы не айта аласың?
- Иә, бұл компаниямен жұмыс істеген өте жайлы да ыңғайлы. Алғашқы кездесуден кейін не болар екен деп үйде күтіп жатқанмын. Былай айтқанда қатты күтпесем де, кішігірім үміт болды. Ал Алматыдағы кешке қатысу туралы ұсыныс түскенде қатты қуандым. Компания мені екінші рет көргісі келіп, тағы бір мүмкіндік бергеніне қуандым. Irfin Promotions туралы айтсам, болашағы зор, келешекке бағытталған компания екен. Сол ұзақ жолда бірге болсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
- Алматыдағы бокс кешіне қатысуға келісім беруге не себеп болды?
- Бірінші жекпе-жек сәтсіз болғандықтан, өзімді тағы бір сынауға бел будым. Сол үшін халық пен көрермен алдында кешірім сұраймын. Енді ондай қателікті қайталамаймын деп серт беремін. Қазіргі қарсылас алғашқысына қарағанда әлдеқайда қиынырақ, сондықтан өзімді барынша көрсетуге тырысамын. Маған қолдау көрсетсеңіздер, тау қопарып, шаршы алаңда барымнды саламын.
- Алдағы жоспар қандай?
- Осы жекпе-жекті өткізіп, сәтін салса, жеңіске жетіп, ары қарай жылжу, барынша жұмыс істеу. Қазіргі көрермен шетелдің шоуын көріп жұлдыздарын таңданып жатады. Мен өз елімізде сондай істегім келеді. Яғни шоу жасап, «қазақтың шоумені» болғым келеді.
- Жекпе-жекке сәттілік тілейміз!
- Рахмет!