Апта жекпе-жегі: Ломаченко жеңімпазы «Свирепыйға» қарсы

25 ноября 2021 г.
Апта жекпе-жегі: Ломаченко жеңімпазы «Свирепыйға» қарсы

Қарашаның 27 күні Нью-Йоркте өзінің кезекті жекпе-жегін салмақ санатына қарамастан, әлемдегі ең мықты боксшылардың ондығына кіретін былғары қолғап шебері өткізеді: Pound-for-pound рейтингінде ол қазір алтыншы орынға тұрақтаған.

Біз 24 жастағы американдық Теофимо Лопес (16-0, 12 КО) туралы айтып отырмыз. Ол 2019 жылдың желтоқсанында 61.235 келіге дейінгі жеңіл салмақтағы IBF нұсқасының әлем чемпионы атағын иемденген болатын.

Бірақ Теофимо 2020 жылдың 10 қазанында украиналық Василий Ломаченконы шаршы алаңда тізе бүктіріп, өміріндегі басты және сенсациялық жеңіске жеткен болатын. Осы жеңістің арқасында ол WBAи WBO тұжырымы бойынша жеңіл салмақтағы тағы екі әлем чемпионы атағын иемденді.Теофимо 12 раундық жекпе-жектің қорытындысымен, қарсыласын айтарлықтай басымдықпен жеңген болатын– 3-0 (116:112, 117:111,119:109).

Сол уақыттан бері американдық ешқандай жекпе-жек өткізбеді. Енді міне, бір жылдық үзілістен кейін, чемпион 27 қарашада Нью-Йорк төрінде рингке қайта шықпақ.

Оның қарсыласы – 28 жастағы австралиялық Джордж Камбосос (19-0, 10 КО). Ол шаршы алаңда «Свирепый» лақап атымен өнер көрсетеді. Бұл оның әлем чемпионы атағы үшін алғашқы жекпе-жегі. Статистикасы жақсы болғанмен, оны әлемдік деңгейдегі боксшылармен теңестіре алмаймыз. Беделді нұсқалардың рейтингіне келер болсақ, Джордж жеңіл салмақта WBA-10, WBC-10, WBO-2 орында тұр.

Әрине, Лопес бұл кездесудің фавориті. Алайда, көпшілік оны ұната бермейді. Себебі оған біреуді балағаттау түкке тұрмайды. Бірақ оның шынымен де әлемдік деңгейдегі боксшы екендігіне дау айту қиын. Өйткені Ломаченко сынды былғары қолғап шеберін жеңу оңай емес. Сондықтан, оның австралиялық үміткерге қарсы рингке шығуы әлемдік қызығушылық тудырып отыр.

Үш бірдей чемпиондық белбеудің – WBA, IBF, WBO тағдыры шешілетін жекпе-жек сөзсіз зор маңызға ие.