Апта жаңалықтары: Садриддин жеңіске жетіп, Мунгия нокаутқа түсті
Санта-Инезде (АҚШ) өткен Hollywood Fight Nights бокс кешінде отандасымыз америкалық боксшы Рафаэль Игбоквемен (17-6, 7 КО) қолғап түйістірді. Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланды. Алайда Садриддин 7-раундта қарсыласын нокаутпен жеңді. Осылайша, Ахмедов кәсіпқой мансабындағы он бесінші жеңісін тойлады. Ал Игбокве алтыншы рет жеңілді.
Бір қызығы, аталған турнирді Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер ұйымдастырса, қазақстандық боксшыны жекпе-жекке Генадий Головкиннің бұрынғы бапкері Абель Санчес дайындады.
Ұзақ үзілістен кейін боксқа қайта оралған Садриддин Америкада екінші жекпе-жегін өткізіп отыр. Бұған дейін қазақ боксшысы Канадада жаттығып, сол елде өнер көрсетіп жүрді.
Жеңісткен кейін Садриддин Ахмедов өз эмоциясын бөлісіп, мақсат-жоспарын айтты.
«Өзімді керемет сезінемін, себебі Биг Бэрде менің «жынды» бапкерім Абель Санчеспен бірге өте көп тер төктім. Қазақстаннан қолдау көрсеткен барша достарыма, бауырларыма алғыс айтамын. Промоутеріме, менеджеріме және Абельге ерекше рақмет. Ол күн сайын таңғы 7-де мені «өлтіргісі» келді», — деді Ахмедов жекпе-жектен кейін.
Қарсыласынан не күткенін сұрағанда, Садриддин Игбоквенің соққыларға шыдамдылығына таң қалғанын атап өтті.
«Ол өте шыдамды жігіт, мұны бірінші раундтан байқадым. Бірақ мен де шыдамдымын», — деді Ахмедов рингтегі сұхбатында.
Садриддин қазіргі кезде Абель Санчеспен бірге жұмыс істеумен қатар, Геннадий Головкинмен де серіктес болған танымал промоутер Том Леффлермен де бірге жұмыс істеп жүргенін айттық.
Жеңістен кейін Ахмедов болашаққа деген жоспарын айқындап, өзінің қалыпты салмағы саналатын бірінші орта салмаққа қайта оралуды көздеп отырғанын айтты.
«Бұл менің дивизионом емес, бұл орта салмақ. Мен бұл салмақта өзімді сынап көрдім, бірақ қайтадан салмақ түсіріп, бірінші орта салмаққа оралуым керек. 154 фунтқа қайта оралып, белбеулерді, барлық белбеуді жеңіп алуым керек», — деп мәлімдеді Ахмедов.
Сөз соңында Садриддин бұл жеңісін Қазақстанға және Тәуелсіздік күніне арнайтынын айтты.
Сенсация және нокаут
Ал Тихуанада (Мексика) өткен бокс кешіндегі басты жекпе-жекте супер орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы (76,2 келіге дейін) Хайме Мунгия (44-2, 35 КО) франциялық Бруно Сурачемен (26-0-2, 5 КО) қолғап түйістірді.
Бірінші раунд қос боксшының бір-бірін барлауымен өтті. Мунгуя белсенділік танытқанымен қарсыласына айтарлықтай дөп соққыларын дарыта алмады. Алайда екінші рунд бастала сала Сурачені соққының астына алды. Тіпті сол қолымен бағыттаған зілдей соққысы, франциялық боксшыны есеңгіретіп тастады. Бірақ Бруно орнынан тұрып, жекпе-жекті жалғастырды.
Үшінші раунд барысында да Бруно көбірек қорғанумен уақыт өткізді. Бірақ соңғы секундтарда жақсы комбинациялық шабуыл жасай алды. Одан кейінгі екі раунд да тартысқа толы болды.
Аллтыншы раундта күтпеген нәтиже тіркелді. Шабуылға шыққан Мунгия қорғанысты ұмытып, қарсыласының қарымта соққысынан ринг төрінде шалқасынан құлады. Төреші өзіне келе алмаған танымал боксшының жекпе-жекті ары қарай жалғастыра алмайтынын айтып, айқасты тоқтатты. Осылайша бұл бокс кешінде сенсация тіркелді.
Айта кетейік, Хайме Мунгия мансабындағы екінші жеңілісіне ұшырады. Бірінші рет ол Канелоға есе жіберген болатын. Ал Бруно Сураче қатарынан 26 жеңісіне қол жеткізді.