Александр БЕНИДЗЕ: Қазақстанға таяқ жеу үшін келген жоқпын

30 января 2016 г.
Александр БЕНИДЗЕ: Қазақстанға таяқ жеу үшін келген жоқпын

Алматыдағы бүгінгі бокс кешінің аясында жерлесіміз Берікбай Нұрымбетов грузин тарланбозы Александр Бенидземен жұдырық түйістіреді.

Бенидзе кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2006 жылы өткізген. Бүгінде оның еншісінде – 33 жекпе-жек, 13 жеңіс (6-уын мерзімінен бұрын аяқтаған), 18 жеңіліс және 2 тең нәтиже.

Оның өміріндегі ең маңызды жекпе-жектерінің бірі WBA тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Андрей Кательниковпен айқасуы болған. Кезінде Александрдың өзі сол жекпе-жекті «өмірлік айқасы» болғанын мойындаған. Реті келгенде айта кетейік, аталған жекпе-жекте Бенидзе төрешілердің бірауызды шешімімен ұтылып қалған-ды.

Десек те, Нұрымбетовтің бүгінгі қарсыласы – қарымды һәм төзімді боксшы. Осы жекпе-жек қарсаңында Бенидз Diamond Ring тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

– Александр, қош келіпсіз, Қазақстанға!

– Бұл жерге жолым түскеніне қуаныштымын. Алматы – табиғаты әсем, тамаша қала! Құшақ жая қарсы алды, бәрі де қонақжай екен.

– Бүгінгі жекпе-жекке жан-жақты дайындалуға уақыт жеткілікті болды ма?

– Қазақстаннан рингке шығу жайлы ұсыныс үш апта бұрын түсті. Дайындалуға мейілінше жеткілікті уақыт. Әрі мен спорттық бабымды жоғалтпау үшін үнемі жаттығып жүремін ғой.

– Сізде қарсыласыңыздың, яғни кәсіпқой бокста алғашқы жекпе-жегін өткізгелі отырған боксшының бұрынғы жекпе-жектерін көру мүмкіндігі болған жоқ қой. Сонда сіз «соқыр тәуекелге» бел буған болып шықтыңыз ғой…

– Қалай болған жағдайда да, бұған мен дайындалдым. Күш-қуат, төзімділік, спарринг және тағысын тағы.

– Кәсіпқой бокстағы мол тәжірибеңізге сүйене отырып, Қазақстан боксшысына баға беріп өтсеңіз?

– Кез-келген қарсыласты сыйлау керек. Қарсыласты бағаламау – мен де жоқ әдет. Нұрымбетов алғашқы жекпе-жегін өткізгелі отыр. Яғни бар күшін салады. Өзінің барлық мүмкіндігін жүз пайыз емес, екі жүз пайыз паш етуге тырысады. Ал мен өз күшіме сенемін. Әрі жеңіліп қалып, таяқ жеу үшін келмегенім жоқ.

– Бұл жекпе-жек сіз үшін қаншалықты маңызды?

– Мен шаршы алаңға шыққанда, өз жекпе-жектерімді маңызды және маңызды емес деп бөлмеймін. Барлық айқастарым да – қымбат маған. Біріншіден, олардың бәріне де күнделікті тер төгіп, аянбай еңбек еттіп, әзірлендім. Екіншіден, менің рейтингім әр жекпе-жектің нәтижесіне байланысты түзіледі.

– Сізді мұндай адам деп ойламағанымызды мойындаймын. Қабағы қатулы, жұлқынып тұрған боксшыны көреміз деп күткенбіз. Ал сіз жылы шырайлы, қарапайым жігіт болып шықтыңыз.

– Жекпе-жек алдында қалай да көзге түсіп қалуды ойлап, жұлқынғанды жек көремін. Түсінемін, бұл да шоудің бір түрі әрі керек. Әйтсе де, өз ұстанымды жоғалтқым келмейді. Біз тек шаршы алаң ішінде ғана қарсыласпыз ғой. Ал оның сыртында дос болып кетуіміз де мүмкін (күліп).

Текст: Sadvakas Maikibayev