​АҚШ-тағы алыптар айқасы: Торрес пен Вианелло жекпе-жегінде кім жеңіске жетеді?

26 марта 2025 г.
​АҚШ-тағы алыптар айқасы: Торрес пен Вианелло жекпе-жегінде кім жеңіске жетеді?

Отандық бокс жанкүйерлері 5 сәуір күні елордада өтетін орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мен франциялық Анауэль Нгамиссенің (14-0, 9 КО) жекпе-жегін асыға күтіп жүргенде, америкалықтар дәл сол күні өтетін Ричард Торрес пен Гуидо Вианелло арасындағы кездесуді тамашалауға асығуда.

Ауыр салмақтағы жас жұлдыздардың айқасы

Америкалық Ричард Торрес (12-0, 11 КО) пен италиялық Гуидо Вианелло (13-2-1, 11 КО) арасындағы жекпе-жекке америкалықтар арасында қызығушылық өте жоғары. Өйткені бұл кездесу аса ауыр салмақтағы жас жұлдыздардың айқасы болмақ. Оның үстіне, жекпе-жек кәсіпқой бокс әлемінің ордасы – Лас-Вегаста өтеді. Мұнда қатардағы қарапайым кездесулер болмайды. Ал Вегас көрермендері өте талапшыл әрі талғампаз екені белгілі.

Бір қызығы, екі боксшы да әлемдегі ең табысты промоутерлік компаниялардың бірі – Top Rank ұйымының өкілдері. Демек, бұл жекпе-жек көрермен қызығушылығы үшін ғана емес, Top Rank ішіндегі бедел үшін де маңызды болмақ.

2024 жыл екі спортшы үшін де табысты өтті деп айтуға болады. Ендігі мақсат – сол жетістіктерді жалғастыру. Ал бұл жекпе-жектің нәтижесі олардың мансабына үлкен әсер етуі мүмкін. Жеңіс – оларды бұдан да жоғары деңгейге көтерсе, жеңіліс – карьерасындағы кері қадам болмақ. Осы жайттардың бәрі жанкүйерлердің қызығушылығын арттыра түсті.

Олимпиаданың күміс жүлдегері және нокауттар сериясы

25 жастағы америкалық боксшы Ричард Торрес қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Себебі ол Токио-2020 Олимпиадасының жартылай финалында жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаевты жеңіп, финалдан айырған болатын. Алайда Торрес шешуші сында өзбекстандық Баходир Жалоловтан жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Олимпиададан кейін Торрес бірден кәсіпқой боксқа ауысып, алғашқы жекпе-жегін 2022 жылдың наурызында өткізді. Ал 2024 жылы төрт айқас өткізіп, барлығында қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңді. Оның ішінде Исаак Гутьеррес (18-2-1, 15 КО) және Брэндон Мур (17-1, 10 КО) сияқты тәжірибелі боксшылар бар.

Жеңілсе де, жеңістен үміт үзбеген боксшы

Италиялық Гуидо Вианелло кәсіпқой бокспен 2018 жылдан бері айналысып келеді. 2016 жылы ауыр салмақта Рио Олимпиадасына қатысып, екінші айналымда кубалық боксшыдан жеңіліп қалған.

2024 жылы Вианелло үш жекпе-жек өткізіп, екеуінде өте мықты қарсыластармен айқасты. Сәуір айында ол Top Rank промоутерлік компаниясының тағы бір ауыр салмақтағы нигериялық боксшысы Эфе Аджагбамен (20-1, 14 КО) қолғап түйістірді. Бұл жекпе-жек бастапқыда Аджагба үшін ұйымдастырылғандай көрінгенімен, Вианелло мықты қарсылық көрсетті. Нәтижесінде, нигериялық боксшы жеңімпаз деп танылды. Алайда төрешілердің 94:96, 96:94, 96:94 есебімен бөлек шешім шығаруы дау туғызды.

2024 жылдың тамызында Канаданың Квебек қаласында өткен бокс кешінде Вианелло ресейлік Арсланбек Махмұдовты (19-1, 18 КО) техникалық нокаутпен жеңіп, өзінің жоғары деңгейдегі боксшылармен тең дәрежеде жұдырықтаса алатынын дәлелдеді.

Кімнің мүмкіндігі жоғары?

Бұл жекпе-жек Торрес үшін – әлемдік деңгейдегі мықтылармен айқасуға дайындығын дәлелдеудің бірден-бір жолы. Егер жеңіске жетсе, ол ауыр салмақтағы элита қатарына жақындайды. Ал жеңілсе, мансабы уақытша тоқырауға ұшырауы мүмкін.

Вианелло үшін бұл айқас одан да маңызды. Жеңіліс оны аутсайдерлер қатарына қайта оралтуы мүмкін. Сондықтан екі боксшы да жоғалтатын нәрсесі көп екенін түсініп, жеңіс үшін барын салатыны анық.