АЙДАР ӘЗІЛДІҢ ТҮБІН ТҮСІРЕДІ
Бағлан мырза бокстың қыр-сырын бір кісідей білетініңіз рас. Өнер жұлдыздарының арасында оза шапқаныңызды да көрдік. Ал кәсіпқой боксшымен жұдырықтасқаныңызды естімептік. Айдарға спарринг қарсылас болғаныңыз рас па?
Енді спарринг қарсылас болдым деп айтқаным артық шығар, бірақ шаршы алаңда Айдармен жұдырықтасқаным рас. Жалпы екеумізді таныстырған осы спорт болатын. Боксты жанымдай жақсы көрем. Әлі күнге дейін жаттығудан қол үзбеуге тырысамын. Сондай жаттығулардың бірінде Айдармен кездесіп таныстық. Таныстығымыз достыққа ұласты. Қазіргі таңда жанұямызбен араласамыз. Бірге жаттығып жүріп, Айдармен қолғап түйістіре жүріп, көп нәрсе үйретті. Айдар өте жылдам боксшы және соққысы да мығым. Жұдырықтасып жүріп біраз таяқ жегенімізді несіне жасырайын. (күлді) Жеңіл салмақта дәл осындай күшті соққылар болатынын білмеппін. Сондықтан шығар Айдар кездесулерінің басым көпшілігінде қарсыластарын нокаутпен ұтып келеді.
Айдар Шәрібаев жетінші жекпе-жегін ертең өткізеді. Осы кездесу жайлы ойыңызды білсек.
Менің ойымша бұл жекпе-жек 8 раунтқа созылмайды. Айдар мерзімінен бұрын жеңіске жетуі тиіс. Бұл қарсыласы осал дегенді білдірмейді. Айдар нағыз бабында. Төрт ай бойы тынбай еңбек етіп жүрген бауырымыз бұл кездесудің қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Телефон арқылы тілдесіп тұрамыз. Өзіне сенімді. Дәл қазір Айдар тау қопаруға дайын десем қателеспеймін. Ең бастысы бағы жансын деп тілейік!
Әмин! Жалпы досыңыз өмірде қандай адам?
Өте ақкөңіл, адамгершілігі мол, досқа адал жан.Жасыратыны жоқ, Айдардың сақалын көріп әртүрлі ойлайтындар да бар. Бірақ ол бес уақыт намазын қаза жібермейтін, жүрегінің иманы күшті нағыз мұсұлман жігіт деп айтар едім. Айдардың көпшілік біле бермейтін қырлары бар. Сөзге шешен және әзілдің түбін түсіреді. Адаммен тез тіл табысып кете алады. Және өте еңбекқор. Жаттығу жасаудан әсте жалықпайды. Алдына үлкен мақсат қойса, соған жетпей тынбайды. Кәсіпқой бокстың шыңына шықсам деп армандайтын Айдар сол үшін барлық қиындықтарға төзуге дайын. Туған жерінен, ата-ана , бала-шағасынан жырақта тер төгіп жүр. Еңбегі еш кетпей, еліне үлкен аброймен оралуына шын жүректен тілектеспін! Мен ғана емес Айдардың өнерде жүрген достары көп. Барлығымыз жексенбі күні тақым қысып жерлесімізге қолдау көрсететін боламыз!
Уақыт бөлгеніңізге рахмет!