Айдар ШӘРІБАЕВ – Әр нәрсенің қайыры бар, боксшының өмірімен ойнауға болмайды
Айдар Шәрібаевтың ертеңге жоспарланған жекпе-жегі кейінге шегерілді. Машантакеттің дәрігерлері қарсыласына шаршы алаңға шгығуға рұқсат бермей қойыпты. Көңіл-күйін білу үшін боксшының өзіне хабарласқан едік.
– Шынымды айтсам, бұл жаңалық мені сең соққандай күйге түсірді. Сонша дайындалған ем, елде де менің жекпе-жегімді асыға күтіп жүргендер көп. Қарсыласымды нокаутқа жібергім келген, алайда өзім сең соққандай күйде түстім, – деді Айдар Шәрібаев. – Дегенмен, бәріне түсіністікпен қарау қажет. Адамның өмірімен ойнауға болмайды. Дәрігерлер рұқсат бермеген екен, ауыр соққы оның өміріне қауіпті болады деп шешкен екен. Демек, мойынсұну қажет. Көнеміз. Жанкүйерлерімнің бәрінен кешірім сұраймын. Біз өз тарапымыздан бәрін жасадық. Алайда, әр нәрсенің қайыры бар дейді ғой. Бәлкім, бұл да жақсылықтың нышаны шығар. Өз басым, қай кезде болса да шаршы алаңға шығуға дайынмын.
Айдар Шәрібаевтың промоутері Элвис Креспоның айтуынша, Айдар Шәрібаевтың ертеңгі қарсыласы атануға тиіс болған колумбиялық Карлос Падильяға дәрігерлер шаршы алаңға шығуға рұқсат бермей қойыпты. Енді оның айқасы келесі аптаның соңында ұйымдастырылуы мүмкін.