Айдар ШӘРІБАЕВ әлі жеңілген жоқ!

29 октября 2016 г.
Айдар ШӘРІБАЕВ әлі жеңілген жоқ!

Алматыда өткен бокс кешінде қазақ боксшысының қарсыласы мексикалық Хуан Окура (11-6-1) болған. Ол нағыз қайсар жігіт екен, айылын жимай, жұдырықтасты. Соққылары да осал емес…

Екеуі бірін-бірі тізгін тартпай төпеледі. Бас-көз демей түйгіштеді. Көрермендердің делебесін қоздырды. Қайсыбіреуі басымдық танытты деп, кесіп айту қиын. Әйтсе де, төрешілер жеңісті бірауыздан Айдарға берді. Сөйтіп, Шәрібаев кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы төртінші жекпе-жегінде де жеңіске жетті.

– Айдар өз жоспарын толықтай жүзеге асырды, – деп өз ойымен бөлісті оның бапкері Рафик МЕҢСЕЙІТОВ. – Ол алты раунд бойы аянбай айқасты. Біздің басты мақсатымыздың бірі де сол, нағыз кәсіпқой бокс өнерін паш ету болатын. Бұл нені білдіреді дейсіз бе? Әуесқой бокстағы дағдылардан түпкілікті арылу, рингті айнала “секеңдеуді” азайту, шабуыл тактикасына көп көңіл бөлу, қапысын тауып бауырдан ұру. Соңғысын бүгін Айдар жиі орындады. Бастапқы екі раунд қиындау болды. Өйткені бүгінгідей лық толы үлкен спортық кешенде өнер көрсету оңай емес, біразға дейін толғанысын тарқата алмады. Одан кейін оның бәріне бойы үйреніп, отандық жанкүйерлердің айызын қандырды. Екі қолын төмен түсіріп, қарсыласын алға ұмтылуға мәжбүрледі. Ал қарсыласы мейілінше тырысып бақты, бірақ көбінесе таза жұдырықтаспады. Біздің боксшымыздан асып түсе алмады. Осындай деңгейдегі боксшымен айқасқан соң, Айдардың рейтингі жоғары өрлеуі керек.

Шәрібаевтың өзі де жеңіске жеткеніне ырза болғандығын білдірді:

– Тамаша жекпе-жек болды! Окура – өте тәжірибелі боксшы, мен оны жеңгеніме қуаныштымын. Бүгін көрермендер қалай демеп-жебеп, қолдау көрсетіп отырды, ауызбен айтып жеткізе алмаймын. Ал менің олардың көз алдында жеңілуге құқым жоқ еді! Фото.

Текст: Sadvakas Maikibayev