Айдар Шәрібаев – Дәл қазір Майки Гарсияның шеберлігі Василий Ломаченкодан біршама жоғары

12 марта 2018 г.
Айдар Шәрібаев – Дәл қазір Майки Гарсияның шеберлігі Василий Ломаченкодан біршама жоғары

Жексенбінің таңында АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында өткен Майки Гарсия мен ресейлік Сергей Липинецтің жекпе-жегі жайлы Майамиде жаттығып жүрген Айдар Шәрібаев өз пікірін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, 12 раундқа созылған айқаста Майки Гарсия төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетіп, бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі Липинецке тиесілі IBF чемпиондық белбеуін де тартып алған болатын.

– Ақтөбенің тумасы болғандықтан бір бүйрегім Липинецке бұрып тұрғанымен Майки Гарсияның жеңіске жететініне күмәнім болған жоқ. Ол мықты, тәжірибелі боксшы. Жоқ, ресейлік те жақсы боксшылардың қатарынан, соққысы жойқын деп естідім. Бірақ, ол негізінен кик-боксшы. Кәсіпқой боксқа келгеніне көп болған жоқ. Ал Майки Гарсия талай мықтымен жұдырықтасып, бәрін жеңген әккі боксшы ғой. Ол қарсыласын жеңу үшін қаншалықты күш керек болса, соншалықты қуатын ғана жұмсайды.  Егер алдындағы боксшыны жеңу үшін бір ғана тактика керек болса, 12 раунд бойы сол тактикамен жұдырықтасып шығады. Ешқашан техникалық арсеналын бір жекпе-жекте толық ашып тастамайды. Василий Ломаченкодан айырмашылығы осында. Жалпы, Гарсияға қарсы шыққысы келіп жүргендер аса көп емес. Бәлкім, Ломаченкомен жұдырықтасып қалар. Бірақ, дәл қазір оның шеберлігі украиналыққа қарағанда сәл жоғары тұр, – деді Айдар Шәрібаев.

Ал Diamond Ring боксшысының өзі келесі айқасын 6 сәуірде Лос-Анджелесте өткізеді. Қарсыласы да белгілі, мексикалық Марио Тиноко. 10 раундқа созылатын бұл жекпе-жекте екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.

Текст: Sadvakas Maikibayev