Адамес-Шираз жекпе-жегі – Мейірім Нұрсұлтанов үшін ерекше айқас

22 ақпанда Эр-Риядта өтетін бокс кешінде WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін Карлос Адамес пен Хамза Шираз шаршы алаңға шығады. Бұл жекпе-жекке ерекше қызығушылық танытқан боксшылардың бірі – қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов.
Жоғары деңгейдегі қарсыластар
22 ақпанда Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өтетін Карлос Адамес (24-1, 18 КО, Доминика Республикасы) пен Хамза Шираз (21-0, 17 КО, Ұлыбритания) арасындағы айқас соңғы жылдардағы ең маңызды жекпе-жектердің бірі саналады.
Қазіргі WBC чемпионы Адамес – мықты боксшылардың бірі. Ал Шираз бұл рейтингте №1 үміткер. Британдық спортшы туралы соңғы кезде көп айтылуда.
Болашақ жұлдыз
Көпшілік Ширазды жақын 1-2 жылда орта салмақтағы үздік боксшы болады деп санайды. Ол шынымен де осы дивизионның ең беделді өкілдерінің қатарына енді.
2024 жылы үш жекпе-жек өткізіп, барлығында да қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңді. Оның үстіне, қарсыластары әлсіз емес, бұл салмақта айтарлықтай орны бар боксшылар еді.
Уильямстарға қарсы жеңістер
Ақпанда Хамза тәжірибелі Лиам Уильямсты (25-5-1, 20 КО) екінші раундта нокаутпен жеңді.
Мамыр айында ол америкалық Остин Уильямсты (17-1, 12 КО) 11-раундта техникалық нокаутпен тоқтатты. Бұл жеңіліс Остиннің әлем чемпионы атағына үміткер болу жоспарларын күл-талқан етті.
Ең бастысы – титул емес
Қыркүйекте Шираз тағы бір мықты қарсылас – британдық Тайлер Денниді (19-3-3, 1 КО) екінші раундта жеңіп, әсерлі өнер көрсетті.
Осы жеңістен кейін ол бірден үш титулдың иегері атанды:
• EBU нұсқасы бойынша Еуропа чемпионы
• Commonwealth Boxing Council чемпионы
• WBC Silver титулының иегері
Бұл ең беделді белбеулер болмаса да, басты назар – Хамзаның көрсеткен боксында. Ол небәрі 25 жаста, бірақ қазірдің өзінде жоғары деңгейде өнер көрсетуде.
Адамес – жұмбақ чемпион
Шираздың соңғы жетістіктерімен салыстырғанда, Карлос Адаместің 2024 жылғы жетістіктері айтарлықтай төмен.
Өткен жылы ол тек бір жекпе-жек өткізіп, 36 жастағы америкалық Террелл Гаушаны (24-4-1, 12 КО) ұпай санымен жеңді. Гауша – деңгейі Шираздың қарсыластарынан төмен боксшы.
Жалпы, соңғы үш жылда Адамес жылына бір рет қана жұдырықтасқан. Сондықтан 30 жастағы доминикандық боксшының қазіргі деңгейі белгісіз. Бірақ оны елемеуге болмайды.
Қазақстандық бокс үшін маңызды жекпе-жек
Бұл айқастың қазақстандық бокс үшін маңызы зор. Себебі WBC шешімі бойынша жеңімпаз әлем чемпионы ретінде Мейірім Нұрсұлтановпен (20-0, 11 КО) кездесу өткізуге міндетті.
Қазіргі уақытта Нұрсұлтанов WBC рейтингінде №3 орында. Кім жеңсе де, қазақстандық боксшы үшін оңай сынақ болмайды. Біріншіден, ұзақ үзілістер спортшының қарқынына кері әсер етуі мүмкін – Нұрсұлтанов соңғы айқасын 2023 жылдың қарашасында өткізді. Екіншіден, ол әлі Шираз немесе Адамес деңгейіндегі қарсыластармен жекпе-жекке шыққан жоқ.