Уайлдер – Фьюри. Тайсонның карьерасындағы ТОП-5 жекпе-жек

17 ноября 2018 г.
Уайлдер – Фьюри. Тайсонның карьерасындағы ТОП-5 жекпе-жек

Желтоқсанның 1-і күні Лос-Анджелесте бокс әлемін 2018 жылдың ең басты шоуы күтіп тұр. Шаршы алаңға абсолютті салмақтағы алыптар Деонтей Уайлдер (40-0, 39КО) мен Тайсон Фьюри (27-0, 19КО) шығып, америкалыққа тиесілі WBC чемпиондық белбеуін сарапқа салмақ. Әлбетте, алғашқысына әлі де тоқталамыз. Ал бүгін назарларыңызға британиялықтың карьерасындағы ТОП-5 жекпе-жекті ұсынбақпыз.

№5. Тайсон Фьюри – Стив Каннингем (АҚШ)

20 сәуір, 2013 ж. (Нью-Йорк, АҚШ)

Кәсіпқой бокста 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен сол кездегі Тайсон Фьюриге аздық ете бастады да, жаңа белестерді бағындыру үшін бірінші рет АҚШ-қа аттанды. Қарсыласы америкалық Стив Каннингем еді. Бұған дейін бес рет жеңілгенімен Стив те оңай шағылар жаңғақ емес еді. Шаршы алаңда құлап көрмеген боксшы. Еншісінде 25 жеңіс бар болатын. Оның үстіне, ауыр салмақтан абсолютті салмаққа ІВҒ чемпионы ретінде ауысты. Бірінші раундтан бастап-ақ Фьюри қарсыласын ашық айқасқа шақырды. Сол-ақ екен, екінші раундта Каннингем Тайсонға жазасын беріп, нокдаунға жіберді. Алайда, төреші 10-ға дейін санағанша есін жиып үлгерген. Ары қарай да америкалық тізгінді уысынан шығармады. Бәрін бақылауында ұстады. Әйтсе де, жетінші раундта шаршап қалды. Ал сол раундтың соңына қарай қарсыласын бұрышқа тығып алған Фьюри клинчке барып, төрешіге байқатпай Каннингемнің басын қолмен өзіне ыңғайлатып алды да, оң қолын бар пәрменімен жіберіп қалды. Нокаут. Бірақ, бұл раундқа дейін қапталдағы қазылардың пікірінше Фьюри жеңіліп жатқан болатын.

№4. Тайсон Фьюри – Невен Пайкич (Канада)

12 қараша, 2011 ж. (Манчестер, Англия)

Боснияда туып-өсіп, кейін отбасымен бірге Канадаға көшіп кеткен Невен Пайкич бұл жекпе-жекке дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген болатын. Бірақ, шынын айту қажет, жекпе-жектерінің барлығын Канадада өткізіп жүрген еді. Манчестерде өткен кездесуді Невен өте белсенді бастады. Бірақ, оның соққылары бірінші раундта Тайсонды тығырыққа тірей алған жоқ. Джебтерімен-ақ қарсыласын бақылауында ұстаған британиялық алып Пайкичті өзіне жақындатқан да жоқ. Алайда, екінші раундта Фьюри босниялыққа аздап еркіндік берген секілді. Өте жылдам жұдырықтасқан Невеннің соққылары діттеген жеріне жетіп те жатты. Дегенмен, Фьюри демонстрациялық түрде екі қолын жоғары көтеріп, «сенің соққың маған шыбын шаққан құрлы әсер етпейді» дегендей сыңай танытып, мазақ қылды. Сол-ақ екен, Пайкич бар күшімен Тайсонның жағынан ұрды. Нокдаун. Бұл Фьюридің кәсіпқой бокстағы алғашқы нокдауны еді. Раунд соңына дейін әупірімдеп клинчтерінің арқасында шыдай алған британиялық алып үшінші раундта ашуға булықты да, Пайкичті екі рет нокдаунға жіберді. Ал үшіншісінде төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Айтпақшы, бұл нокауттан кейін Невен бір жыл бойы шаршы алаңға жолаған жоқ. Одан кейін тағы бір кездесу өткізіп, сол күйі карьерасын аяқтады.

№3. Тайсон Фьюри – Кристиан Хаммер (Румыния)

28 ақпан, 2015 ж. (Гринвич, Англия)

WBO international белбеуін қорғаған жекпе-жекте Тайсон Фьюриге Германияда жаттығып жүрген румыниялық Кристиан Хаммер қарсылас атанды. Алғашқы төрт раунд өте сылбыр өткенімен төрешілер төрт кезеңде де жеңісті британиялықтың еншісіне жазып отырды. Ал бесінші раундта Тайсон жылдамдығын аздап арттырды да, апперкотымен қарсыласын нокдаунға түсірді. Одан әрі Хаммерде маза болмады. Сегізінші раундтан кейін румыниялықтың командасы айқасты жалғастырудан бас тартты.

№2. Тайсон Фьюри – Дерек Чисора (Англия) – бірінші жекпе-жек

23 шілде, 2011 ж. (Лондон, Англия)

Британиялықтардың «Уэмблиде» өткен дербиінде букмекерлердің пікірі бойынша, фаворит Дерек Чисора болатын. Екеуі де өзара кездесуге дейін 14 жекпе-жектен өткізіп, барлығында жеңіске жеткенімен ол кезде «Дел бой» бүкіл Англияның үкілі үміті еді. Бірақ, әбден артық салмақ жинап алған Чисора өте баяу қимылдады. Ауыр апперкоттарымен Тайсонды есеңгіретіп тастауға тырысқанымен жылдам клинчке барған «Сыған патшасы» өзіне еш соққы дарытқан жоқ. Ал үшінші раундтан бастап Деректің жұдырықтасу мәнеріне үйренісіп алды да, бойшаңдығын пайдаланып, раунд сайын ұпай жинай берді. 12 раундқа созылған айқастың қорытындысы бойынша екі төреші 117:112 есебін тіркесе, біреуінің қағазы 118:111 нәтижесін көрсетті. Бұл кездесудің жеңімпазы Владимир Кличкомен төбелесуі керек болатын. Алайда, Тайсон бұл ұсыныстан бас тартты. Ал кейін Дерек Чисорамен қайта қарымта айқас өткізіп, 10 раундта «Дел Бойдың» секунданттарын бас тартқызды.

№1. Тайсон Фьюри – Владимир Кличко (Украина)

28 қараша, 2015 ж. (Дюссельдорф, Германия)

Жасы 40-қа жақындап қалса да Владимир Кличконың шау тартпаған кезі ғой. WBC белбеуін ағасы Виталийге беріп, қалған үш тұжырымның чемпионы болатын. Бесінші белбеу ІВО мен The Ring журналының да чемпиондық атағы кіші Кличконың еншісінде еді. Шыны керек, украиналық боксшы джебтерімен-ақ Фьюридің ығырын шығарады дегендер көп болды. Бірақ, бойы екі метрден 6 сантиметрге асатын Тайсон өзінің бойшаңдығын өте сәтті пайдаланды. Оның үстіне, қарсыласына қасақана түрде жарақат жасауды көздеп, Кличкоға баспен клинчке бара берді. Нәтижесінде Владимирдің қабағы жарылып, Фьюри бұдан былай сол жарақатты көздеуге тырысты. Бір жағынан, украиналыққа қарағанда әлдеқайда жылдам да болатын. Соның арқасында әр раундты өзінің еншісіне жазып отырды. Дегенмен, өте лас жұдырықтасып, 11-раундта рефери оның екі ұпайын шегеріп тастады. Соған қарамастан Тайсон 115:112, 115:112, 116:111 есебімен төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Алдағы уақыттарда Деонтей Уайлдердің карьерасындағы ТОП-5 жекпе-жекті ұсынатын боламыз.

Текст: Sadvakas Maikibayev