АЙДАРЫНАН ЖЕЛ ЕСКЕН АЙДАР ШӘРІБАЕВ

4 ноября 2017 г.
АЙДАРЫНАН ЖЕЛ ЕСКЕН АЙДАР ШӘРІБАЕВ

 

Қазақтың қайсар ұлдарының бірі Айдар Шәрібаев  АҚШ төрінде көк туымызды желбіретіп, ел абройын асқақтатты. Қазақ боксының шоқтығы биік екенін дүниежүзіне тағы бір мәрте паш етті. Кәсіпқой бокстан да қазақ ұлдарының алар асуы әлді алда екенін көрсетті.  Шәрібаев шаршы алаңдағы жетінші жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Бірінші раунтта-ақ қарсыласын сұлатып салған Айдарға жеңіс оңай келіпті деп ойлайтындар бар. Жоқ, жеңістің ешқашан оңайы болмайды. Бұл көптен күткен жеңіс. Бұл тынбай еңбек етіп, табандылық пен төзімділіктің арқасында келген жеңіс.

 

  Айдар маусым айының аяғында мұхит асқан болатын. Осы тұста Отандық   «Diamond Ring»   промоутерлік компаниясының Айдарға Америкадағы барлық жағдайын жасап бергенін де айта кеткен жөн. Бекман Сойлыбаев секілді таланттарға жол ашып жүрген компания басшылары Айдарға да білікті бапкер іздеп,  Дерик Сантос-Росариомен келісім шартқа отырады. Талай мықтыларға тәлім берген Дерик бапкер алдымен Айдардың аяқ алысын байқап көреді. 1-2 айлық демалыстан кейін біраз босаңсып қалған Айдар Майамиге барған бетте жаттығу жұмыстарына білек сыбана кіріседі. Барлық тапсырманы тап-тұянақтай орындап, жаттығудан жалықпаған қазақ ұлының еңбекқорлығына тәнті болған Росарио сосын шындап кіріседі. Уақыт өткен сайын Айдардың жаттығуларын ауырлатып тіпті  майлы тамақтарды жеуге тыйым салады. Қазы-қарта жеп өскен ауыл баласының күн сайын тауық етін жеуге тәбеті тарта бермейтіні түсінікті. Бірақ бапкері басынан сипаған жоқ. Керісінше «сенің бір ғана жолың бар» деп қысқа қайырды. Бұл ақымақты ойбай салдырып, ақылдыны ойға қалдыратын сөз еді. Бауыржан Момышұлының «тәртіпке бағынсаң, құл болмайсың» дегенсөзін қаперден шығармайтын Айдар бапкер ақылына құлақ асады.Алдына қойған арман-мақсатына жету үшін бәріне төзу керектігін түсініп,өзінің сүйікті тағамдарынан да бас тартады. Кезекті жаттығулардың бірінен соң шүмектеп терлеген Шәрібаев салқындатқыштың қасына отыра кетіп, суық тигізіп алғанын да байқамай қалады. Жаттығудан соң жатын бөлмесіне келгенде ыстығы көтеріліп,  ас ішуге мұршасы болмай қиналғанын біз білсек те көпшлік біле бермейді. Жанына жылу беретін жанашырлары да алыста.  Ата-анасын, бауырларын, Аниса мен Әмина қызының тәтті қылықтарын сағынып талай таңды ұйқысыз атырса да Айдардың бір ғана мақсаты болды. Ол, Америкада қазақтың көк туын желбіретіп еліне аброймен оралу еді. Айдар шаршы алаңға қыркүйек айында шығу керек болған. Алайда қарсылас табу қиынға соқты. Біреулер қазақтың қайсар ұлынан қаймықса, енді біреулері қыруар ақша сұрады. Жалпы кәсіпқой бокста жүрген қазақ ұлдарының кез-келгені әлем мықтыларымен айқасуға қазір-ақ дайын. Бірақ ешкім ережеден аттап кете алмайды. Рейтинг деген бар. Сол әлемдік сатыдағы көрсеткішіңді жақсарту үшін жатпай тұрмай жұмыс жасау керексің. Сөйтіп қыркүйектегі жекпе-жек қазан айына шегертілді. Қарсыласта  белгілі болды. Колумбиялық Карлос Падилья. Кездесуге бір күн қалғанда дәрігерлер Падильяның денсаулығынан ақау тауып, шаршы алаңға шығуға рұқсат бермеді. Бұл Айдар үшін ауыр соққы болғаны анық.  Боксшының бүкіл жоспары тас-талқан болды. Айдар сонда да сабырлық танытты. Еліне туған жеріне деген сағынышын ақылға жеңдіріп АҚШ та  тағы біраз аялдай тұруға тәуекел етті. Сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа демеуші ма еді?  Сәтін салып бір аптадан соң шаршы алаңға шығатын мүмкіндік алды. Бұл жолғы қарсыласы да Колумбиялық. Падильямен салыстырғанда Прескоттыңыз әлде қайда мықты еді. Салмағы да ауырлау болып шықты. Қалай болар екен деп алаңдағанымыз рас. Кездесу алдында жерлесіміздің көңіл күйін білмек болып хабарластық. Айдар сыр алдырған жоқ. Өзіне сенімді екенін айтты. Сәттілік тілеп жекпе-жектің басталуын тағатсыздана тостық. «Батырлар ұраны» әнінен үлкен шабыт алған Шәрібаев қарсыласына бірден шүйлікті. Даулис қанша тырыссада  Айдардың ауыр соққыларынан қашып құтыла алмады. Екі рет есеңгіреп барып ес жиған. Үшінші рет тұра алмады. Нокаут! Айдар Шәрібаев кәсіпқой бокстағы жетінші жеңісіне қол жеткізді.   Кездесуден кейін Айдармен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

  • Спортта осал қарсылас болмайды. Сондықтан қарсыласым осал деп айта алмаймын. Кәсіпқой бокста 31 кездесуде жеңіске жету оңай шаруа емес. Николас Уолтерс секілді әлем мықтыларымен жұдырықтасқан Даулис Прескотт маған қарағанда тәжірибесі мол еді. Мені жеңіске жетелеген бойдағы  намыс пен күш қайрат және жанкүйерлердің қолдауы деп білем. Сондай-ақ бүгінгі жеңіс бапкерлерімнің еңбегі және төгілген тердің өтемі деп түсінемін. Сондықтан бапкерлеріме, Diamond Ring»   промоутерлік компаниясына және жанкүйерлерге айтар алғысым шексіз! Бұл жеңісімді барша қазақ еліне арнаймын!
  • Айдар шыны керек кездесу дәл осылай ерте аяқталады деп күткен жоқ едік. Өзің қалай ойладың?
  • Әрине кездесу алдында болжам айту қиын. Ең бастысы жеңілмеу керек деп ойлайсың. Уақыт өте келе өзіме деген сенімділік арта түсті. Өйткені нағыз бабымда болдым. Қарсыласымның қаймығып қалғанын білген соң, 3-4 раунт жұдырықтасып әдемі бокс көрсетуді жоспарлағам. Алайда  промоутерім, ақылшы ағам Лашын Аймағамбетовтің сөзі құлағымда қалыпты. Кездесу алдында сәттілік тілеп хабарласқан болатын. «Егер өзіңе сенімді болсаң кездесуді неғұрлым ертерек аяқтауға тырыс. Өйткені жарқын жеңістер болашақта үлкен кездесулерге жол ашады» деді. Осы сөздер мені қамшылай түсті.
  • Жеңіс құтты болсын! Айдардың алар асуы әлі алда деп білеміз!
  • ӘМИН РАХМЕТ!    
Текст: Sadvakas Maikibayev