25 жасқа дейінгі ТОП-5 отандық кәсіпқой боксшылар

15 октября 2024 г.
25 жасқа дейінгі ТОП-5 отандық кәсіпқой боксшылар

Қазақстан – тек әуесқой бокста ғана емес, кәсіпқой бокста да әлемде жетекші орындарға ие. Ел боксшылары үшін кәсіпқой бокс есігі осы ғасырдың басында ғана ашылса да, бүгінге дейін бірталай жерлесіміз беделді ұйымдардың чемпиондық белбеулерін иеленді. Атап айтқанда, «Балқаш жолбарысы» лақап атымен әлемге танымал Василий Жиров, кешегі күнге дейін орта салмақта билік құрған Геннадий Головкин, жеңіл салмақтағы Жанат Жақиянов, ауыр салмақтағы Бейбіт Шүменов, сондай-ақ Жәнібек Әлімханұлы мен Данияр Елеусінов ел мерейін көтеріп, кәсіпқой бокста қазақ боксшыларының жетістіктерін паш етті.

Жалынды жастарға зор мүмкіндік

Елімізде жоғарыда аталған боксшылардың ізін басатын талантты жас боксшылар шоғыры қалыптасып келеді. Кәсіпқой боксшылардың есеп-қисабын жүргізетін әлемдік BoxRec сайтының мәліметіне жүгінсек, бүгінде кәсіпқой бокста 200-ден аса отандасымыз жұдырықтасып жүр.

Назарларыңызға BoxRec нұсқасы бойынша еліміздегі 25 жасқа дейінгі ТОП-5 боксшыны ұсынамыз. Бір айта кетерлігі, сол рейтингтің көшін жуырда Irfin Promotions ұйымдастырған бокс кешінде өнер көрсеткен екі боксшы бастап тұр.

Биылдан бастап отандық кәсіпқой боксқа серпін бере бастаған Irfin Promotions компаниясы жастарды кәсіби рингке шығару және оларды дамытуды өзінің негізгі стратегиялық бағыты санайды. Оған 21 қыркүйекте Алматыда өткен бокс кеші дәлел бола алады. Аталған бокс кешіне қазақстандық былғары қолғап шеберлері Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Грузия, Қырғызстан және Танзаниядан келген боксшылармен жұдырықтасты.

21 қыркүйектегі бокс кешіне қатысқан сегіз қазақстандық боксшының бесуі 25 жасқа толмаған. Оның үстіне, осы бес боксшының екеуі BoxRec рейтингінде 25 жасқа дейінгі қазақстандық кәсіпқой боксшылар арасында алдыңғы қатарда тұр.

Сенімді жеңістер

Үздіктер көшін Алматыдағы айқаста сенімді жеңіске жеткен Нұрдос Төлебай (13-0, 10 КО) және Санатәлі Төлтаев (2-0, 1 КО) бастап тұр. Сол кеште екі боксшы да бірінші жартылай орта салмақта (63,5 кг) өнер көрсетті. Санатәлі Төлтаев алты раундтық жекпе-жекте Қырғызстанның тәжірибелі боксшысы Сардар Атакишиевпен (11-2, 8 КО) жұдырықтасып, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті – 60:54; 60:54; 60:54.

Ал Нұрдос Төлебай Өзбекстан боксшысы Ұлықбек Каюмбоевпен (6-1, 5 КО) қолғап түйістіріп, қарсыласынан ұпай саны бойынша басым түсті – 59:55; 60:55; 60:54. Сондай-ақ жеңіліс не екенін білмей келе жатқан өзбек боксшысы карьерасында алғаш рет жеңілістің дәмін татуға мәжбүр болды.

25 жасқа дейінгі ТОП-5 боксшы

BoxRec рейтингіндегі салмақ дәрежесі әртүрлі 25 жасқа дейінгі қазақстандық кәсіпқой боксшылар:

1.Нұрдос Төлебай (13-0, 10 КО), 23 жас;

2.Санатәлі Төлтаев (2-0, 1 КО), 24 жас;

3.Александр Ковригин (8-0, 6 КО), 23 жас;

4.Виктор Теміров (5-0, 4 КО), 24 жас;

5.Ділшат Нұрым (9-1, 6 КО), 24 жас.

Нұрдос пен Санатәлі Қазақстанда жаттығып, дайындалады. Ал Александр Ковригин мен Виктор Темиров Германияда дайындалып, жекпе-жектерін сол жақта өткізіп жүр. Қазақстандық боксшылардың жалпы рейтингіне келетін болсақ, жасына және салмағына қарамастан, Төлебай 15-ші, Төлтаев 18-ші орынға жайғасқан. Алайда, олардың өзгелерден жас айырмашылығын ескеретін болсақ, қазіргі таңда екі боксшы қарқынын бәсеңдетпесе, аз уақыт ішінде үздіктер қатарынан көрінетіні сөзсіз!