22 тамызда Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да бокс кеші өтеді. Оның басты жекпе-жегінде Teofimo Lopez пен Rolando Romero кездеседі. Ал екінші маңызды кездесуде жеңіліп көрмеген кубалық орта салмақ боксшысы Йоэнли Эрнандес аргентиналық Франсиско Даниэль Веронмен жұдырықтасады.
Эрнандес кәсіпқой рингте он жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның тоғызын мерзімінен бұрын аяқтаған. Әуесқой бокста екі дүркін әлем чемпионы атанған кубалық спортшы 2026 жылдың наурызында тәжірибелі Тэррелл Гошаны төртінші раундта тоқтатып, WBO-NABO белбеуін иеленді.
Кубалық боксшы әлемдік рейтингтерде чемпиондық айқасқа жақындап қалды. Ол WBA және WBO тізімдерінде бірінші, WBC рейтингінде екінші, ал IBF бойынша тоғызыншы орында тұр. Оның қарсыласы Веронның көрсеткіші — 17-1-1 (10 КО). Аргентиналық соңғы үш кездесуінде жеңіске жеткен.
WBC желісіндегі жағдай қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше қызық. Ұйым рейтингінің бірінші орнында жеңіліп көрмеген қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов тұр. Одан кейінгі екінші орынды Эрнандес иеленген. WBA рейтингінде де екі боксшы қатар орналасқан, бірақ орындары ауысқан: кубалық бірінші, қазақстандық екінші орында.
Осылайша, Лас-Вегастағы жеңіс Эрнандесті іріктеу немесе чемпиондық жекпе-жекке жақындатады. Оның Нұрсұлтановпен кездесуі ең қисынды нұсқалардың бірі болып көрінеді. Алайда әзірге мұндай жекпе-жек ресми түрде тағайындалған жоқ.