Олимпиада-2024: Боксшыларымызға Олимпиада алтыны бұйыра ма?
Францияда өтіп жатқан Олимпия ойындарында бокстан іріктеу бәсекелері аяқталып, жартылай финалға шыққан боксшылар белгілі бола бастады. Өкінішке қарай Мырзағали Айтжанов шәкірттерінің әзірге бірде-біреуі бұл межеге жете алмады. Парижге барған жеті боксшының бесеуі жартылай финалға жетпей сүрінді. Ал ел сенімін арқалаған соңғы екі боксшы бүгін түнде келесі айқастарын өткізеді.
Париж Олимпиадасына бір жарым ай қалғанда ұлттық құрама бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов Қазақстан боксшылары Францияда кемі бір алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алады деп болжам жасаған еді. «Мен қазір мынау медаль әкеледі деп айта алмаймын. Әрқайсысының Олимпиадаға қатысуға еңбегі сіңген. Бокста әртүрлі жағдай кездеседі. Жеребеге де көп нәрсе байланысты. Біздің тапсырма – кемі бір алтын, бір күміс, бір қола медаль алу. Негізі мүмкіндік болса, одан да жоғары нәтиже көрсету. Әрбір боксшының жүлде алатын қабілеті бар», - деді бас бапкер.
Бас жаттықтырушының болжамы сәл болсын шындыққа жанасуы үшін жоқ дегенде үш боксшымыз жартылай финалға шығу керек еді. Алайда жеті боксшының бесеуі жартылай финалға жетпей сүрінгенін айттық.
Қазақстан жанкүйерлері жүлде алады деп сенімді болған ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен тәжірибелі боксшы Қамшыбек Қоңқабаев бірінші жекпе-жектерінде-ақ жеңіліп, көптің көңілін күпті етті.
Қамшыбек Қоңқабаев бірінші айналымда испаниялық боксшы Айюб Гадфа Дриссимен кездесіп, төрешілер шешімі бойынша2-3 есебімен қарсыласына жол берді. Қамшыбек – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының 2 дүркін және Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері саналады. Ал қарсыласы Айюб Дрисси болса былтыр әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған, Еуропа жеңімпазы (2024) атанған.
Сонымен қатар Махмұд Сабырхан (57 кг) да Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты. Ол тағы бір Испания өкілі Хосе Кильес Бростонстың осал тұсын таба алмай, опық жеп қалды. Үш раундтан кейін төрешілер жеңісті 1-4 есебімен Хосеге берді.
Жекпе-жектен соң Махмұд Сабырхан Олимпиададағы сәтсіздігіне қатысты пікір білдірді.
«Бұл жекпе-жекте барымды салдым. Қарсыласымның қапталдан ұрған соққылары өтіп кетті. Негізі, бір раундта 0:5 есебімен ұтылдым деп ойламаймын.Төрешілер екі раундта да жеңісті қарсыласқа берген соң, үшінші раунд ештеңені шешпейтінін түсіндім. Алға көп бармай, күтіп алуға тырыстым.Шыны керек, бірінші раундтабәрін құртып жібердім. Бұл раундты мен алдым деп ойлаймын. Екінші раундта да жеңілдім деп ойламаймын. Осымен, Олимпиаданы аяқтадық. Мен қатты шаршағаным жоқ. Тек төрешілер жеңісті бермей жатқасын, үшінші раундта қарсыласты күтіп алуға тырыстым», - деді Сабырхан ҰОК баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
2018 жылы Аргентинада өткен Жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиадада топ жарып, енді ересектер дуында да Олимп шыңын бағындыруға келген 92 кг салмақтағы Айбек Оралбайдың бұл арманы тағы төрт жылға кейінге шегерілді. Өйткені боксшымыз екінші айналымда Әзірбайжан боксшысы Альфонсо Домингестен жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.
Бірінші раунд Айбектің басымдығымен өткен. Алайда, қалған екінші және үшінші раундта Әзірбайжан туы астында өнер көрсететін кубалық боксшы қашықтықта жақсы жұдырықтасып, Айбектің соққылары ауа қармап қалып жатты.Осылайша төрешілер қорытынды нәтижеде 3:2 есебін тіркеп, жеңісті Домингеске берді.Домингесбірінші айналымда екі дүркін Олимпиада, бес дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио Сесар ла Крустан басым түскен еді.
Айбектің жеңілісінен кейін Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде жұмыс істеген кейбір төрешілердің қызметіне күмән келтіретінін мәлімдеп, PBU-ға (Paris boxing Unit) жүгінді.Сонымен қатар кейбір төрелік кезіндегі біржақтылыққа назар аударуды сұрады.
«Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесін ұйымдастырушылар бұл ескертуге назар аударып, осы жағдайға қатысты зерттеу жүргізуге уәде берді. Аталған төрешілерге қатысты іс қозғалды. Осы орайда, бұл іс-шараның жекпе-жектер нәтижесіне әсер етпейтінін ескеру керек. Ережеге сәйкес, аяқталған жекпе-жектер нәтижесі қайта қаралмайды. Алайда төрешілердің өз қызметінде қателік жібергені дәлелденсе, олар қызметтен шеттетілуі мүмкін», делінген хабарламада.
Айбектің ізін ала шаршы алаңға Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) көтерілді. Жартылай финалға жолдама беретін аса тартысты айқаста грузин боксшысы Лаша Гурулимен жұдырықтасып, бұл боксшымыз да жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. Сөйтіп Мұхаммедсабыр Париж Олимпиадасында жүлдеге бір табан жетпей тоқтады. Есеп: 2-3.
Бұл айқастан кейін Қазақстан ҰОК 63,5 келі салмақта жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсіргенін мәлімдеді.
«Қазақстан ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар.Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз.Алайда, біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз», - деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева.
Осылайша, бокстан Париж Олимпиадасының жартылай финал жекпе-жектері өтпей жатып бес бірдей отандасымыз жүлдеге таластан тыс қалды.
Бүгін жарыста қалған екі боксшымыз ширек финал жекпе-жектерін өткізеді. Егер екі отандасымыз да жеңіске жетіп жатса, онда Қазақстан қоржыны кемінде екі қола жүлдемен толығады.
Кешкі 20:22-де ерлер арасында 80 келіде Нұрбек Оралбай мен әзірбайжандық Мурад Аллахвердиев өзара мықтыны анықтайды. Ал түнгі 00:20-да 51 келіде боксшы Сәкен Бибосынов өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.