Қазақстанда туған әзербайжан «Токиоға барар жолды» жеңіспен бастады

2020 ж. 14 наурыз
Қазақстанда туған әзербайжан «Токиоға барар жолды» жеңіспен бастады

Токио Олимпиадасының Еуропа елдері арасындағы іріктеу турнирі бүгін «пердесін» түріп, бірінші айналымдағы жекпе-жектері өте бастады. Мәселен, Әзербайжан құрамасының бетке ұстар үздіктерінің бірі, 75 келі салмақ дәрежесіндегі Камран Шахсуварлы Лондон рингіне 1/32-финалында шығып, Австрия боксшысы Эдин Авдичпен жұдырық түйістірді.

Бірінші раунд бір-бірін аңдып, барлаумен өткенімен, екінші раундтан бастап Камран өзінің деңгейі жоғарылау екенін көрсетті. Сөйтіп, Рио Олимпиадасының және 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ 2017 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, Ақтөбеде туған боксшы 4:1 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.

Естеріңізге сала кетейік, дәл осы Камран Шахсуварлы 2016 жылы Рио Олимпиадасының ширек финалында біздің Жәнібек Әлімханұлымен кездескен. Тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер жеңісті Әзербайжан боксшысына беріп, өзегімізді өртеген болатын. Есеп – 1:2 (28:29, 29:28, 28:29).

Жалпы, Әзербайжан құрамасының сапында бұл жолы да басқа елдерден келген боксшылар баршылық:

52 келі – Руфат Гусейнов

57 келі – Тайфур Алиев

63 келі – Джавид Челябиев

69 келі – Лоренцо Сотомайор

75 келі – Камран Шахсуварлы

81 келі – Альфонсо Домингес

91 келі – Рауф Рагимов

+ 91 келі – Магомед Абдуллаев