Netflix көрсетеді: ​Канело мен Кроуфорд жекпе-жегі 13 қыркүйекте өтетін болды

June 12, 2025
Netflix көрсетеді: ​Канело мен Кроуфорд жекпе-жегі 13 қыркүйекте өтетін болды

Екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Сауль «Канело» Альварес пен екі салмақ дәрежесінде абсолютті чемпион атанған Теренс Кроуфордтың жекпе-жегі 13 қыркүйекте Лас-Вегаста өтеді. Бұл кешті былтыр бокстың тікелей трансляциясын бастаған Netflix стриминг қызметі көрсетеді.

Бұл туралы Сауд Арабиясының Бас ойын-сауық басқармасының төрағасы әрі The Ring бренді жетекшісі Турки әл-әш-Шейх хабарлады. Ол кештің промоушен жұмыстарымен UFC басшысы Дана Уайт айналысатынын да растады.

Алғашқы баспасөз конференциясы 20 маусым күні Эр-Риядта өтеді. Одан кейінгі кездесулер Нью-Йоркте (22 маусым) және Лас-Вегаста (27 маусым) жоспарланған.

«13 қыркүйекте бокстың қос аңызы — Канело мен Кроуфорд — ғасыр жекпе-жегінде кездеседі. Дана Уайт пен SELA компаниясымен бірге біз бұл оқиғаны бүкіл әлемге Netflix арқылы көрсетеміз», — деді әл-әш-Шейх.

Айта кетейік, жекпе-жекке саудиялық SELA компаниясы промоутерлік етеді.

34 жастағы мексикалық Альварес пен 37 жастағы америкалық Кроуфорд бұл кеште әлемнің ең үздік боксшысы атағы үшін жұдырықтасатынына сенімді.

«Netflix арқылы көрсетілетін Riyadh Season аясындағы бұл кеште тағы да тарих жазуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. 13 қыркүйекте мен еш салмаққа қарамастан, әлемнің үздік боксшысы екенімді тағы бір мәрте дәлелдеймін», — деді Канело.

Ал Кроуфорд:

«Менің мінсіз рекордым – өзіме ең жақсы жарнама. Қай салмақта, қай қарсыласпен шықсам да, әрқашан жеңіске жетемін. 13 қыркүйекте тағы да менің қолым көтеріледі, әлем менің ұлылығымды көреді», — деді.

Айта кетейік, Кроуфорд бұл жекпе-жек үшін бірден екі салмақ жоғары көтеріледі. Қазір ол бірінші орта салмақта әлем чемпионы атағына ие.

Жекпе-жек өтетін орын әзірге нақты жарияланбады. Алайда басты үміткер — 63 мың орындық жаңа Allegiant Stadium.

Netflix өткен жылдан бастап бокс трансляциясын бастаған болатын. Алғашқы көрсетілім – Джейк Пол мен Майк Тайсон арасындағы жекпе-жек – 108 миллионнан астам көрермен жинаған. Қазір стриминг платформасының 300 миллионға жуық жазылушысы бар және олардың барлығы Канело – Кроуфорд айқасын қосымша ақысыз көре алады.