​Дмитрий Биволға WBC белдігі неге керек болмай қалды?

April 11, 2025
​Дмитрий Биволға WBC белдігі неге керек болмай қалды?

Кәсіпқой бокстың жартылай ауыр салмағындағы әлемнің абсолютті чемпионы, ресейлік боксшы Дмитрий Бивол өзінің бұл мәртебесінен айырылды. Себебі, ол WBC (Әлемдік бокс кеңесі) белдігінен бас тартқан. Бұл ақпаратты аталған ұйымның президенті Маурисио Сулейман ресми түрде растады.

Бивол биыл ақпан айында Сауд Арабиясында өткен бокс кешінде өзінің отандасы Артур Бетербиевті қарымта кездесуде жеңіп, төрт тұжырым бойынша абсолютті әлем чемпионы атанған болатын.

«Чемпион болу қиын, белдікті сақтау одан да қиын»

Спортшылар арасында «Чемпион болу қиын, чемпиондық атақты сақтап қалу одан да қиын» деген сөз бар. Сол сияқты, Дмитрий Биволдың кәсіпқой боксқа қадам басқандағы негізгі мақсаты да, көздегені де абсолютті әлем чемпионы атану болатын. Ол бұл атаққа қол жеткізу үшін қанша қиын жекпе-жектер өткізді. Ал биыл көп жылдар бойы күткен арманына қол жеткізіп, арадан бірер ай өткенде бұл атағынан оңай бас тарта салды. Себебі? Мұның бірнеше себебі бар.

WBC Биволға 2025 жылдың ақпанындағы жеңісінен кейін Бенавидеспен жекпе-жек өткізуге міндеттеген болатын. Алайда ресейлік боксшының өкілдері бұл жекпе-жектен бас тартты.

WBC президенті Сулейман әлеуметтік желілерде: «Биволдың адвокаты Патрик Инглиш маған хабарлама жіберіп, онда қисынсыз дәлелдер келтіріп, Дмитрий жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі WBC белдігінен бас тартатыны туралы хабарлады» деп жазды.

Президенттің айтуынша, енді Давид Бенавидес жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі WBC-те жаңа чемпионы болмақ.

Бивол мен Бетербиев арасында трилогия бола ма?

Дмитрий Бивол WBC белдігінен өздігінен бас тартып отырған жоқ. Оны WBC ұйымы белдіктен бас тартуына қыстап отыр. Ал Биволдың қазіргі басты мақсаты – сәл тынығып алып, Артур Бетербиевпен үшінші жекпе-жек өткізу. Бұл үшін ол айқасқа сапалы дайындалғысы келеді. WBC ұйымы Биволға демалуға мүмкіндік бермей отыр. Дмитрийдің белдіктен бас тартуының басты себебінің бірі де осы – Бетербиевпен үшінші кездесуді өткізу.

Бұл ақпаратты Биволдың адвокаты Инглиш те растап отыр. Ол Сулейманға жіберген хатында: «Бивол қазір күрделі жағдайға тап болып, белдіктен бас тартуға мәжбүр. Бокс әлемінде жүргендердің бәрі біледі, Бивол мен Бетербиев трилогия өткізуге міндетті. Сондықтан біз осы жекпе-жекке дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз» деп мәлімдеді.

Бетербиевпен үшінші жекпе-жек шынымен де барлық тарапқа пайдалы болмақ. Өйткені өткен екі кездесу өте тартысты әрі қызықты болды. Бірінші жекпе-жекте Артур 114-114, 115-113, 116-112 есебімен жеңіске жетсе, қарымта айқаста Бивол 114:114, 116:112, 115:113 нәтижесімен абсолютті әлем чемпионы атанған болатын.

«Бенавидес белдікті жеңіп алғысы келеді»

28 жастағы американдық боксшының өкілдері әлем чемпионы атағын жеңіп алмағанына өкініш білдірді. «Тамаша әрі тартысты жекпе-жектің өтпейтіні өте өкінішті. Бұл жанкүйерлер үшін өте қызықты болар еді. Титулды жекпе-жексіз иелену – жақсы емес. Бірақ біз бәрібір Биволмен жекпе-жек болатынына үміттіміз» деп мәлімдеді Бенавидестің командасы.

Ал Дэвидтің өзі бұл жағдайға салқынқанды қарайды. «Бивол жекпе-жектен бас тартқаны туралы жаңалықты енді естіп отырмын. Мен бұл белдікті бұлай алғым келген жоқ. Десе де, мен енді жартылай ауыр салмақта әлем чемпионымын. Енді мен ең жақсы жекпе-жектерді ұйымдастыруды жоспарлап отырмын» деп мәлімдеді боксшы The Ring басылымына.

Айта кетейік, Бенавидес мүлде жеңілмеген боксшы. Ол бүгінге дейін 30 айқас өткізіп, соның бәрінде жеңіске жеткен. Оның 24-ін мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтаған. Бенавидес 2025 жылдың ақпанында Дэвид Мореллді жеңіп, WBA (Әлемдік бокс ассоциациясы) тұрақты чемпионы болған еді.