БЕЛБЕУ және КАНЕЛО: Жәнібек Әлімханұлының болашағы қандай болмақ?

April 9, 2025
БЕЛБЕУ және КАНЕЛО: Жәнібек Әлімханұлының болашағы қандай болмақ?

Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, Қазақстан өкілі Жәнібек Әлімханұлы (17 жеңіс, 0 жеңіліс, 12 нокаут) салмақ дәрежесін ауыстыру мүмкіндігі туралы пікірін бөлісті.

Ендігі кезекте Канело?

Кәсіби боксшы ретінде мансабымды бастағанда-ақ, командама кез келген салмақта жұдырықтаса алатынымды айттым. Сондықтан егер суперорта салмақта Канеломен немесе аралық не жартылай ауыр салмақта Давид Бенавидеспен жекпе-жек өткізуге мүмкіндік туса – мен бұл қадамға баруға дайынмын. Бірақ менің басты мақсатым – орта салмақта барлық белдіктерді біріктіру. Барлық титулдарға қол жеткізбей бұл салмақтан кетпеймін. Әрине, егер лайықты ұсыныс түссе, жоғары салмаққа өтемін. Алайда мен абсолютті чемпион атанғым келеді және ешкімнің менен қашуына себеп болуын қаламаймын, – деді ол BoxingScene порталына.

Гонорар және PPV

Астанада өткен бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы өз титулдарын сәтті қорғап, француз Анауэль Нгамиссенгені 5-раундта нокаутқа түсірді.

Бұл жекпе-жек орта салмақтағы WBO және IBF титулдары үшін өтті. Қазақстандық боксшы үшін бұл кездесу мансабындағы ең табысты болды, яғни кепілдендірілген гонорары – 500 000 доллар, ал ақылы трансляция (PPV) сатылымы жоғары болған жағдайда бұл сома 3 миллион долларға дейін өсуі мүмкін.

Анауэль Нгамиссенге (Франция) де сыйақы алады – оның негізгі гонорары 350 мың доллар (178 миллион теңгеден аса). Егер PPV сатылымы 700 мың доллардан асып кетсе, оның табысы 900 мың доллардан (459 миллион теңге) жоғары болуы мүмкін.

Рейтинг және қарсылас

Осы жеңістен кейін кәсіби бокстың беделді ресурсы BoxRec Жәнібек Әлімханұлын әлемнің үздік орта салмақтағы боксшысы ретінде 1-орынға қойды. Екінші орында – 41 жастағы кубалық WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Лара, ал үшінші орында – 35 жастағы британдық, WBA-ның уақытша чемпионы болған Крис Юбенк тұр.

Елордадағы жеңісінен кейін Жәнібек Әлімханұлы эмоцияларымен бөлісіп, ал оның менеджері команданың амбициялық жоспары – төрт белбеуді де иеленіп, абсолютті әлем чемпионы атану екенін айтты.