2026 жылдың екінші жартысында жартылай орта салмақтағы күштер арақатынасы айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Бір жарым айдың ішінде дивизионда бірнеше ірі чемпиондық жекпе-жек өтеді.
23 тамызда Лас-Вегаста WBA белбеуінің иегері Rolando Romero екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы әлем чемпионы Teofimo Lopez-ке қарсы титулын қорғайды. Теофимо жеңіске жетсе, үшінші салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанады.
13 қыркүйекте осы қалада тағы бір жұлдызды жекпе-жек өтеді. WBC чемпионы Ryan Garcia британдық Conor Benn-мен кездеседі. Жеңімпаз дивизиондағы ең танымал әрі коммерциялық тұрғыдан тартымды боксшылардың біріне айналуы мүмкін.
3 қазанда WBO чемпионы Devin Haney-дің британдық Jack Catterall-ға қарсы титулын қорғауы да талқыланып жатыр. Ақпарат бойынша, тараптар келіссөзде айтарлықтай алға жылжыған, алайда келісімшартқа әлі қол қойылған жоқ.
Қазақстандық жанкүйерлер жартылай орта салмақты Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің өнері арқылы жақсы біледі. Ол кәсіпқой рингте әлі жеңілген жоқ — 13-0-0 (8 КО). Бірақ соңғы рет 2025 жылғы 19 шілдеде жұдырықтасып, Jameson Bacon-ды екінші раундта тоқтатқан.
Жартылай орта салмақта үлкен жекпе-жектер кезеңі басталып келеді. Сондықтан Елеусіновке рингке мүмкіндігінше тез оралу маңызды. Әйтпесе дивизион өз буынындағы ең талантты қазақстандық боксшылардың бірінсіз алға жылжи береді.